Түркия қамауда отырған америкалық пасторді бостандыққа шығаратын болды.

"NBC" телеарнасының мәліметінше, Түркия мен АҚШ билік өкілдерінің құпия келісімі нәтижесінде ресми Анкара қамауда отырған америкалық пастор Эндрю Брансонды бостандыққа шығаруға келіскен. Әзірге қос тараптың қандай құпия келісімге келгені белгісіз. Бірақ алдын ала болжам бойынша, алдағы уақытта АҚШ Түркияға салынған санкциялар тізбегін азайтып, экономикалық қысымын бәсеңдетуі мүмкін.

Пастор Эндрю Брансон Түркияда 2016 жылдан бері қамауда отырған. Оған түрік билігі террорист санайтын ислам дінін уағыздаушы «Фетхуллах Гүленді қолдады» деген айып тағылған.

Брансонның қамауға алынуы АҚШ пен Түркия қарым-қатынасының ушығуына алып келген. Ресми Уашингтон Түркия ІІМ мен Әділет министрлігінің басшыларына санкция салып, АҚШ-қа Түркиядан келетін тауарларға салық көлемін арттырған. Өз кезегінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Уашингтонның бұл әрекетіне жауап ретінде АҚШ-тан келетін тауарларға салық көлемін бірнеше есеге өсіріп, ел халқын Америка долларынан бас тартуға шақырған.

"The Qazaq Times"