Біздің қоғамға ұмар-жұмар еніп кеткен бір ауыр дерт бар. Ол – кімнің қалай болса солай жүруі. Бірбеткейлік. Кеудемсоқтық. Бірер күн бұрын ғана жасы егде тартқан жедел жәрдем жүргізушісін түрік азаматының оңдырмай ұрып кеткені есте болар. Тапа-тал түсте сойқан салған сол азамат жауапқа тартылды ма? Жоқ. Мүләймсіген күйі халықтан кешірім сұрады да, сайран салып кете барды. Зардап шеккен көлік жүргізушісінің орнында әрбіріміздің жақынымыз болуы әбден мүмкін еді ғой... Улап-шулап, ауызша айыптап, шаң қауып қала бердік. Денис Тен Алматының қақ ортасында бұзақылар қолынан қаза тапқанда да аһ ұрғанбыз. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты жерден алып, жерге салдық. Бір минутта тұрмасын, кетсін дедік. Әлдекімдер әлеуметтік желі арқылы қол да жинады. Қарапайым адамдарға қоғам белсенділері үн қосып, дауысымыз жуандай түскен тіпті. Бірақ министрлік тым марғау үн қатты: «Президент айтса кететін шығармын...». 5 қазан күні Жолдау жариялаған Елбасы әкім мен министр біткенді сын тезіне алғанда, Қасымовқа тиіспеді. Қайта мақтады. Оның кәсіби біліктілігі жоғары екенін баса атап өтті. Тілін тістеп қоғам қала берді.

 Осыдан екі-үш жыл бұрын Мақсат Үсеновтың басымызға қайтіп әңгіртаяқ ойнатқаны да ұмытыла қойған жоқ. Ұмытыла қойған жоқ дейміз ау, ол тағы бір күні тұтқиылдан шыға келіп, төбемізден жай түсірмесіне кім кепіл? Сондықтан Алматыда көлік тізгіндеген әрбір адам абайлап айдаса игі. Үсенов түрмеге бір кіріп, бір шығып, ол «тарту еткен» оқиғалар ұмытыла бастағаны сол еді, тағы бір «жап-жаңа Үсенов» пайда бола кетті. Есім-сойы – Назар Роллан. Біздің әр нәрсеге байыппен қарап, кейбір істерді атүсті қарай салатын аса сабырлы құқық қорғау органдары қоғамда дүрбелең туғызған 20 жастағы жігітті бүгін ғана ұстапты. Қалалық ішкі істер департаментінің хабарлауынша, айыпталушы жігіт енді жеті күнін темір торда өткізбек. Полицейлер: «оның әрекетіне байланысты жанындағыларға шын мәнінде үлкен қауіп туған» деп мәлімдеп, бірақ жігітті «кішігірім бұзақылық» бабы негізінде жауапқа тартпақшы. Айтпақшы, ол жігіт не бүлдірді дерсіз? Айталық.

20 жастағы жігіт Әл-Фараби даңғылының бойымен қарсы бағытта жүйткіп, жол ережесін өрескел бұзған. Және бұл әрекетті бір емес, бірнеше рет сәтті жүзеге асырыпты. Бұл ісін үлкен мақтаныш көрген Назар Роллан сол сәтті видеоға түсіріп, Инстаграм парақшасына да салып қойыпты. Әлеуметтік желінің «...жұртқа жаяр, өсекші» екенін бас кейіпкеріміз есінен шығарып алса керек. Полицейлердің мәліметінше, жас жігіт осы әрекеті арқылы әкімшілік құқық бұзушылың кодексінің 4 бірдей тармағын бұзған. Тиісінше, жолдың қарсы бағытына шығып кеткені үшін бір жылға дейін көлік жүргізу құқығынан да айырылуы тиіс. Ішкі істер басқармасы жария еткен мәлімдеменің толық мәтіні мынадай:

«Бостандық аудандық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері өзінің қоғамға қарсы әрекеті арқылы жан-жағындағы адамдарға, оның ішінде жол қозғалысына қатысушыларға елеулі қауіп төндірген 1998 жылы туған Назар Роллан есімді азаматтың әрекетіне қатысты шара қабылдады. Оның қатысуымен болған эпизод Әл-Фараби даңғылы мен Мұстафин көшелерінің қиылысында орын алған» депті ІІД баспасөз қызметі. Енді қазір істі Алматы қалалық мамандандырылған аудан аралық соты қарап жатқан көрінеді.

Онсыз да Алматыда жол апаты көп болады. Айдың, күннің аманында автобус пен автобус, камаз бен жеңіл көлік соқтығысып, болмайтын жерде көлік кептелісін туындатып тұрады. ҚР Бас прокуратурасы арнайы есеп және құқықтық статистика комитетінің мәліметі бойынша, жол апатынан ең көп адам өлімі – Алматы шаһарында тіркеледі екен. Мәселен, 2018 жылдың алғашқы алты айында қалада 7000-нан астам жол апаты тіркелген. Салдарынан 1685 бала зардап шегіпті. Бұл адам шошытатын, төбе құйқаңды шымырлататын статистика. Бізге жол ережесін айқындау, жол сақшыларының қызметін реттеуден бөлек, ел азаматтарының жол-көлік қозғалысына қатысты санасын, ойын да ретке салу керек сияқты көрінеді осындайда. Әйтпесе, Норвегияда жол апаты ықтималдылығы бізден 11 есе төмен екен. Әлемдік, ғаламдық атақ-даңққа ұмтылмай тұрып, алдымен осындай шаруаларды бір жөнге салып алсақ әлдеқайда ұтпас па едік..?

Жә, негізгі тақырыбымызға қайта оралайық. Шаһардың басқа да жерлерінде тәртіп бұзу – ережеге де, адам өміріне де қайшы. Бірақ көліктер аса жоғары жылдамдықпен жүретін Әл-Фараби даңғылының бойынша қарсы бетке шығу дегеніңіз – ондаған, тіпті 20-30 адамның өміріне бір сәтте үлкен қауіп төндіру деген сөз. Алайда мұндай ой Назар Ролланның ойына кіріп-шықпаған сияқты. Мәселе, ол жасауы мүмкін жол апатында да емес. Мәселе – Назар сияқты өз ісіне өкінбейтін, қайта сонысын жарнамалайтын адамдардың артуында, тиісінше осындай ереже бұзушылыққа полицияның да көзжұмбайлықпен қарай салатынында. Мұны бір деп қойыңыз. Екінші, айыпталушы жігіттің «белгілі жазушы Роллан Сейсенбаевтың немересі екен» деген ақпараттың тарауы. Иә, Лондонда Абай үйін ашқан, «Абай халықаралық клубын» құрған, «Аманат» деп ат қойып журнал шығарған, талай кітаптардың авторы атанған жазушы. Бірақ қоғамда осындай ақпарат тарағаны сол екен, жазушы оны жоққа шығарып, «немересінен бас тартыпты».

«Ол менің немерем емес. сіздер қателесесіздер. Бәрі хабарласып жатыр. Ол баланың маған түк қатысы жоқ. Мен өзім ауруханада жатырмын» деген жазушы отандық сайтқа берген сұхбатында. Дегенмен жазушының сөзін жоққа шығаруға мына бір үш дерек қауқарлы секілді. Біріншісі – Фейсбук әлеуметтік желісінде Назар Роллан мен Роллан Сейсенбаевтың бір-бірімен «дос» екендігінде. Екіншісі – жас жігіт Роллан Сейсенбаевқа қатты ұқсайтын ер адаммен суретке түсіп, оны Инстаграм желісіне жүктеген. Үшінші факті – Роллан Сейсенбаев туралы Wikipedia парақшасында мынадай анықтама көрсетілген: «Жазушының мәтіні мен фотографиясы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы әлем халықтары әдебиеті институтымен бекітілген. Фотография авторы: Назар Оралбай».

Ал Назар Роллан болса видео жазба арқылы халықтан кешірім сұраған. Кейін ол бейнежазбасына қатысты: «Мені ақымақ құсап, кешірім сұрады деген адамдар назар аударсаңыздар, мен ол жерде күлкімді әрең тежеп тұрмын. Ол видеоны төрт рет түсірдік» депті. Жігіттің бұл сөзінен істеген ісіне еш өкінбейтінін, алдағы уақытта мұндай «тосынсыйларды» қайталап тұруға ниетті екенін аңғаруға болатындай. Фейсбук әлеуметтік желісінде белгілі журналист Кәмшат Тасболат жігіттің қылығына қатысты мынадай пікір қалдырған: « Қылмыстық жазаға тартылсын! Əкімшілік құқық-бұзушылық, жəй айыппұл деп миды қатырмасын! Қатаң жазаға тартылмайынша, қоғам наразылығы басылмайды. Кім біледі, мұның миына Үсеновтер сияқтылардың жауапқа тартылмағандығы, тіпті, дандайсып кеткені кері əсер еткен шығар» дейді ол.

Түнеу күні таксиге отырдым. Көлік жүргізушісі – орта жастағы жігіт екен. Өзімен қапталдасып, жолға таласқан көлік жүргізушісін аямай балағаттады. Оны да тықсырып, жолдың бойы азан-қазан болып кетті. «Мен мұндай кезде ешкімді аямаймын. Үнемі қанымды ішіп кеткен көлікті ізінен қуып барамын да, жүргізушісінің быт-шытын шығарамын» дейді. Осылай. Алматының жолдарын қызуқандылық, тәртіпсіздік, өз-өздеріне деген тым сенімділік жаппай кезіп жүр...

"The Qazaq Times"