Түркіменстанның солтүстік аудандары тұзды дауыл астында қалды.
Жергілікті БАҚ өкілдерінің мәліметінше, өткен жұмада басталған аңызақ жел Арал теңізіндегі тұзды көтеріп, салдарынан Дашоғыз, Лебап облыстарындағы Түркіменбасы, Рухыбелет және Ақдепе аудандары тұзды дауылдың астында қалған.
Бұған дейін мамыр айың 26-27 күндері Арал теңізі аумағында басталған жел Түркіменстанның Дашоғыз және Лебап облыстарын, Өзбекстанның Хорезм облысы мен Қарақалпақстанды тұзбен орған. Ол кезде жел секундына 20 метр жылдамдықпен соққан.
Арал теңізінде болған экологиялық апат бірінші кезекте Түркіменстанның Дашоғыз облысына зиян келтіруде. Қазіргі таңда жергілікті халық ауызсу тапшылығы мен ауыл шаруашылық өнімдерінен таршылық көріп отыр. Себебі Арал аумағынан көтерілген тұзды дауыл Дашоғыз халқының тынысын тарылтып, облыстағы су арналарын пайдалануға жарамсыз етуде. 2017 жылдың қараша айында Түкіменстан билігі Аралдан келетін тұзды дауылды тоқтату мақсатында Сарықамыс өзенінің маңайына орманды алқап өсіретіндігін мәлімдеген. Бірақ әзірге бұл бастама тек қағаз жүзінде қалған.