Өзбекстан Бас прокуратурасы: «Гүлнара Кәрімова сот шешіміне сәйкес жазасын өтеуде» – деп мәлімдеді.
Өзбекстан Бас прокуратурасы РИА Новости ақпарат агенттігінің сауалына жіберген жауабында «Гүлнара Кәрімова жазасын сот шығарған шешімге сәйкес өтеуде» - деп мәлімдеген.
Қыркүйек айының 29-ы күні Гүлнара Кәрімованың қызы Иман Кәрімова Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына Стамбұлдан Лондонға баратын ұшақ билетінің фотосын салып, «Анам (Гүлнара Кәрімова - ред) енді үйде» - деп жазған. Бұған дейін Өзбекстан Бас прокуратурасы Иман Кәрімованың елден ешқандай кедергісіз шығып кеткендігін растаған.
Гүлнара Кәрімованың үстінен қылмыстық іс 2015 жылы қозғалған. Дәл осы жылы Ташкент қалалық соты оны «аса ірі көлемде қаржы жымқыру», «бопсалау», «салықтан жалтару» айыптары бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырған.
2017 жылдың шілде айында Өзбекстан Бас прокуратурасы Гүлнара Кәрімованың үстінен тағы бірнеше қылмыс бойынша іс қозғалғандығын мәлімдеді. Жаңадан тағылған айып бойынша, экс-президент қызы Өзбекстанға 2 млрд доллар көлемінде зиян келтірген. Өзбекстан ресми органдарының бұл мәлімдемесінен кейін Гүлнара Кәрімованың әлемнің 12 еліндегі банк шоттары мен жылжымайтын мүліктері бұғатталған.