Ресейде зейнеткерлік жасын ұлғайту туралы заң өз күшіне енді. Ел ішінде біраз уақыт дау туғызған жаңа реформа екінші оқылымда қабылданған.
Еңбек өтілі бойынша әйелдерге 37, ерлерге 45 жастан зейнетке шығу қарастырылса да, жаңа заңға сәйкес енді әйелдердің зейнетке шығу жасы 60, ал ерлердікі 65 жасқа ұлғаяды. Аталған реформа полиция мен әскерилерге, арнайы қызмет өкілдеріне де ортақ.
Осыған дейін Путин халыққа жолдаған үндеуінде мемлекеттегі инфляция мен жұмыссыздықтың белең алуына қатысты жаңа заңның толық күшіне енбегенін, бірақ зейнетақы реформасын кейінге қалдырған жағдайда төлемдерді индексациялауға мүмкіндік болмайтынын айтқан болатын. Пікір қайшылығына әкеп соққан реформадан соң, жергілікті тұрғындар жаппай ереуілге шыққан. Халық наразылығынан кейін Путинге деген сенім азайса да, заң бәрібір жүзеге асты.
Еске сала кетейік, 2013 жылы Қазақстанда да әйелдердің зейнет жасын 63-ке дейін ұзарту ұсынылды. Сол кездегі еңбек және әлеуметті қорғау министрі лауазымын атқарған Серік Әбденов «Неліктен әйелдер 63 жаста зейнетке шығуы тиіс?» деген сауалға мүдіріп-кідіріп: «Потому что, потому что»-дан артық жауап бере алған жоқ. Жоспардың нақты себебеін жете түсіндіре алмаған экс-министр отставкаға кетсе де, өзі ұсынған заң жобасын «сыйға тартып кетті». Яғни 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнет жасы 2027 жылға дейін жылына 6 айдан ұлғаяды. Егер есептер болсақ, 2027 жылы зейнет жасы 63-ке жетеді. Демек, бес жыл бұрын ойға оралған «тың жоба» ақырындап орындалып келеді деген сөз.