Бүгін Британдық газеттерде Ресейдегі саяси жағдайлар талқыланды. Басылымдардың бірінде «Путин өз өтірігінен соң әлемге қалай қарайды?» – деген мақала жарық көрген.
Мақалада Солсберидегі жағдай бүге-шігесіне дейін баяндалады. Экс-тыңшы Сергей Скрипаль мен Юлия Скрипальдерді улады деген күдіктілер туралы жаңа деректер келтірілген. Bellingcat пен The Insider басылымдары Скрипальдерді «улаған» күдіктінің бірі лақап атпен жүрген әскери қызметкер Анатолий Чепига екенін айтты.
Ал Daily Mail тілшілері көптеген жылдар бойы Ресейде қызмет еткен журналист, жазушы Оуэн Мэтьюзге түсініктеме алу үшін хабарласқан. Өз сұхбатында ол: «Күдіктілердің бірі жоғары шенді Анатолий Чепига (полковник) осы уақытқа дейін лақап атпен жүрген. Сондай-ақ ресми тұлғалардың күдік тудырмау әрекеттерін құптап, Британияда операция жүргізу туралы шешімге еш қарсылық блдірмеген. Бір өкініштісі, Скрипальдердің улануына В.Путиннің тікелей қатысы бар», – дейді. Сондай-ақ басылымда: «Күдіктілердің аты-жөні мәлім болған кезде, Путин сандық әлемдегі кезекті «аналогтық өтірігін» ойлап тапты. Олар бірлесе сатқындармен күресудің орнына, жалған сұхбат жасап, күллі әлем алында ақталып шыққысы келді. Бұл – таза ақымақтық!» – дейді.
Газеттерде «детективтен фантастикаға айналған Скрипаль ісінен соң Батыс елдері Путиннің әрекетін кешіре ме және Тереза Мэй Ресейге қатысты жаңа санкциялар енгізе ме?» – сынды сауалдар қойылған. Егер Біріккен Корольдіктің болжамы дәл келсе, Ресейдің басына қара бұлт үйірілмек. Себебі Тереза Мэйдің кезекті шешімі АҚШ санкциялдарының артуына да себеп болады.