Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэйдің командасы қараша айында кезектен тыс сайлау өткізуге дайындалуда. Бұл туралы lemonde.fr басылымы Мэйдің сөзіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кезектен тыс сайлау Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуына қатысты келіссөздер сәтсіздікке ұшыраған жағдайда өткізілуі мүмкін. Себебі, Брюссельдің британиялық үкімет ұсынған жоспарды қабылдаудан бас тартып отырғаны бәрімізге мәлім.

Мэй ЕО-ның 19-20 қыркүйекте Зальбургте өткен кезекті саммитінен оралған бойда мәлімдеме жасаған еді. Лондон мен Брюссель арасындағы келіссөздердің тығырыққа тірелгенін айтқан премьер-министрдің мәлімдемесінен, тек ЕО-мен арадағы келісімде ғана емес, жеке өзінің де тығырыққа тірелгенін аңғаруға болатындай. Себебі, британия халқының талабына қарамастан, 2019 жылы өз еркімен отставкаға кетпейтінін сөз арасына қосуы, оның Чекерс ұсынысында да, басқасында да өзіне сенімсіздеу екенін байқатады дейді сарапшылар. Жалпы, үкімет басшысы Тереза Мэй қай жағынан алғанда да қысымға ұшырап тұрғандай.  Мәселен, Зальцбург саммитінен кейін Ұлыбритания министрлер кабинетінің мүшелері Мэйден Еуроодақпен қарым-қатынасты реттеу үшін Чекерс ұсынысының баламасы ретінде жаңа жоспар дайындауды талап еткен еді.  The Daily Telegraph басылымының мәліметінше, министрлер кабинеті «Б жоспары» еркін сауда аймағын сақтау үшін Британияның ЕО ережелерін орындауға міндеттейді. Осыған байланысты, бүгін, 24 қыркүйекте Британия министрлер кабинетінің кезектен тыс отырысы өтуі мүмкін деп күтілуде.  Егер, Мэй осы талапты орындамай, Чекерс ұсынысынан бас тартпаса, Брекситтің жүзеге асырылуына қарсы министрлер кабинетінің ашық наразылығына ұшырауы мүмкін деп күтілуде.

Бәрімізге белгілі, Лондон мен Брюссель арасындағы Ұлыбританияның Еуроодақ құрамынан шығуы туралы ресми келіссөздер 2017 жылдың маусым айында басталған еді. Содан бері британия халқының наразылығын туындатқан бұл шешім әлі күнге дейін тартысты болып келеді.

“The Qazaq Times”