АҚШ Қытайға Ресеймен сауда келісімін жасағаны үшін санкция салды.

АҚШ қаржы министрлігінің ресми сайтында жарияланған мәлімет бойынша, Уашингтон Қытайға Ресейден әскери ұшақтар мен С-400 әуе қорғаныс жүйесін сатып алған үшін санкция салған. Атап айтқанда АҚШ санкциясына Қытайдың әскер дайындау департаменті мен Орталық әскери кеңес басшысы Ли Шанфу іліккен. Бұдан былай Қытай қорғаныс ведомствасы АҚШ қару-жарақтарын, әскери технологияларын және Америка бақылауындағы қандай да бір қаржылай операцияларды пайдалана алмайды.

Бұған дейін 20 қыркүйек күні БАҚ беттерінде «АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы жағдайларға байланысты Ресейге қатысты санкцияларды одан сайын күшейту жөніндегі қаулыға қол қойды» деген ақпарат тараған. Жаңа қаулы бойынша, Ресеймен қандай да бір сауда байланысын орнатқан мемлекетке немесе ресми тұлғаның мүлкіне, қаржы активтері мен операциялары санкция салынып, бұғатталады.

"The Qazaq Times"