Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас хатшылығына Израильдің ядролық бағдарламасын мұқият зерттеуге шақырды, - деп хабарлайды Tasnim.

Агенттіктің хабарлауынша, Иран Израиль премьері Биньямин Нетаньяхудің осының алдында ғана жариялаған мәлімдемесін «халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікке қауіп төндіруші» мәлімдеме деп бағалап, халықаралық қауымдастықты Нетаньяхудың сөзіне қатысты қатаң шара қабылдауға шақырды. Сонымен қатар, Израильдің халықаралық ережелерді аяқ асты етуіне байланысты алаңдаушылығын білдірді. Теһран БҰҰ Израильді ядролық қаруды таратпау туралы келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеп, израильдік ядролық бағдарламаны Атом энергиясы жөніндегі Халықаралық агенттікке (International Atomic Energy Agency) мұқият зерттеуді ұсынды. Айта кетейік, израильдік Haaretz  басылымында Израиль премьері Биньямин Нетаньяхудің тамыз айындағы «Егер кімде-кім бізге қауіп төндіретін болса, біздің тарапымыздан да дәл сондай қауіп келетінін білсін» деген мәлімдемесі жарияланған еді. Басылым, Израиль премьері осы сөзі арқылы елдің ядролық потенциалын меңзеген деп топшылайды. Сонымен қатар, Израиль халықаралық міндеттемелерді бұзып, ядролық қару қолдануға тырысады деп айыптаған еді. Аталған екі ел арасындағы екіжақты қырғиқабақтықтың басталғанына қанша уақыт өтсе де әлі бір мәмілеге келе алмауда. Мәселен, үстіміздегі жылдың сәуір айында Нетаньяху Израильде Иранның атомдық бағдарламасының  «Амад жобасы» атты құпия әскери базасы болғанын дәлелдейтін 100 мыңнан астам цифрлы және қағаздық құжаттардың бар екенін айтқан еді. Осы мәселеде, Израиль Иранның халықаралық міндеттемелерді бұзып, ядролық бағдарламалар туралы мәліметтерін болашақта қолдану мақсатында жасырып қойғанын меңзегеннен кейін Иран тарапы оның осы мәлімдемесіне қатысты даулы іс ашуға ниеттеніп отыр.

“The Qazaq Times”