Иран экономикасы АҚШ салған санкцияның кесірінен соңғы бір жарым айдың ішінде едәуір деңгейде шатқаяқтаған. Оған әсіресе мұнай экспортының 35%-ға азайтылғаны қатты әсер еткен. Бұл туралы Иран Ислам Республикасының мұнай танкерлерінің қозғалыс динамикасын зерттеген Bloomberg агенттігі хабарлады.

Мұнай экспортының бірден азаюына байланысты Иран риалы доллармен шаққандағы құнынан 60%-ға арзандаған. Енді, Иранға қарсы санкциялар АҚШ-қа да «арзанға түспейді» деп есептейді мамандар.  Олардың айтуларынша, қара алтын бағасын баррельіне 80 доллардан асырған Америкалық санкциялар әлемдік мұнай нарығына қатты әсер етуде. Мәселен, Ресей мен Сауд Арабиясы осы олқылықтың орнын толтыру үшін мұнай өндірісін арттыруға шешім шығарды. Алайда, мамандардың пікірінше, бұл шешім де алдағы уақытта Иран экспортының шығынының орнын толтыру үшін жеткіліксіз болмақ. Себебі, осыған дейін де хабарлағанымыздай, үстіміздеі жылдың 6 тамызында АҚШ Иранға қарсы санкциялардың бірінші блогын іске қосқан еді. Бұл санкциялар тізіміне Иранның автомобиль секторы, сондай-ақ, алтынмен қоса, өзге де металлдар саудасы енгізілген еді. Оның үстіне, Ақ үй Иранмен іскерлік қатынасын дамытушы кез келген елге де осындай санкция салатынын хабарлап, сес көрсеткен еді. Америкалық санкцияның осы жылдың 4 қарашасына дейін күшіне енуі тиіс екінші бөлігі Иранның энергетика секторын, көмірсутекті шикізатқа қатысы бар транзакциясын және Иранның орталық банкімен байланысы бар транзакцияны қамтымақ. Бұған дейін, АҚШ президенті 2015 жылы халықаралық «алтылық» (Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Франция, Германия) тарапынан қол қойылған «Ортақ қадам: жан-жақты бағдарламасы» деп те алататын Иранның ядролық келісімшартынан шығатынын хабарлаған еді. Артынша, осы шешімін күшіне енгізген америкалық билік Иранға қарсы барлық санкциялардың қайта іске қосылатынын да мәлімдеді. «Алтылықтың» қалған мүшелері АҚШ-қа қарсы шығып, тіпті Еуроодақта Иранмен жасалған келісімшарттың сақталатынын хабарлаған болатын.

“The Qazaq Times”