Евронюс агенттігінің (fr.euronews.com) хабарлауынша , АҚШ Шыңжаң өлкесіндегі адам құқықтарының аяқ асты етілуіне байланысты Қытайға санкция дайындауда. Батыстың өзге де ақпарат құралдарының мәліметінше, Қытайда тұратын мұсылмандардың қысымға алынуына қатысты мәселе Ақ үйде бірнеше ай бойы талқыланып келген.
Мәселен, «The New York Times»-тің Ақ Үйдің бұрынғы және қазіргі қызметкерлерінің сөздеріне сүйеніп жазылған ақпаратына қарағанда, Трамп үкіметі осы мәселеге байланысты қытайлық билік өкілдері мен ірі фирмаларға арнайы санкция дайындау үстінде. Санкция туралы шешімнің Ақ үй, Сыртқы істер және Қаржы министрлігінде жан-жақты қарастырылып жатқаны белгілі болды. Экономикалық санкциялардан бөлек, Қытай билігі тарапынан ондағы түркі халықтары мен мұсылмандарға қарсы қысымда қолданылған АҚШ технологияларының Қытайға сатылуына да тыйым салу жоспарланып жатқан көрінеді. Сонымен, егер санкциялар қолданысқа енген жағдайда, АҚШ билігі Қытайды алғаш рет адам құқықтарын бұзуына байланысты жазаланатын болмақ.
БҰҰ Өткен айда шамамен екі миллион мұсылманның Қытайдағы лагерьлерге алынғаны және оларды Кытай Коммунистік партиясының идеологиясына бейімдеу сияқты, саяси тәрбиелеу жұмыстарының атқарылып жатқанын хабарлаған еді.
Осы мәселеге қатысты Қытай Сыртқы істер министрлігі де мәлімдеме жасап үлгерген. Қытай СІМ-нің баспасөз хатшысы Хуа Чунни, АҚШ-тың Бейжің билігіне Шыңжаңдағы адам құқықтарының аяқ асты етілуіне байланысты санкция салу шешіміне қатысты: "Қытай адам құқықтарын қорғау ісінде АҚШ-тағыдан әлдеқайда көш-ілгері" - деп, Қытайдағы этникалық азшылық топтардың әсіресе, діни бостандықтарының заңмен қорғалатынына баса назар аударған.
Бұдан бұрын, 10 қыркүйекте Халықаралық «Хьюман Райтс Вотч» адам құқығын қорғау ұйымы да (Human Rights Watch, HRW ) Қытай үкіметінің елдің солтүстік-батысында орналасқан Шыңжаңдағы азшылық топтардың құқықтарының аяқ асты етіліп жатқанына қатысты мәлімдеме жасаған еді. Жалпы, Қытайдағы азшылық топ дегенде, оның өзіміздің қандастарымызға да қатысы бар екені түсінікті. Бұған дейін Шыңжаңда қысым көріп жатқан қазақтардың жай-күйі туралы мәселе аз айтылып-жазылмады әрі біздің биліктің де алдына қойылған басты міндет еді. Енді, оған Америка сияқты елдің араласуы мәселенің қаншалықты халықаралық деңгейге жеткенін көрсетсе керек.