Сүрия президенті Башар Асад Идлибтегі оппозициялық топтарға қарсы химиялық қару қолдануға рұқсат берді – деп хабарлайды The Wall Street Journal басылымы.

Басылым мәліметінше, АҚШ барлау қызметінің қолына Башар Асадтың Сүрия армиясына Идлибтегі оппозициялық топтарға қарсы газтектес хлор қолдануға рұқсат еткендігі жөнінде ақпарат түскен. Қазіргі таңда Пентагон басшылығы Башар Асад әскеріне қарсы соққы жасауға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Бірақ әзірге ел президенті Дональд Трамп аталмыш мәселеге байланысты Пентагон басшылығына ешқандай нұсқау бермеген.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Ақ үй әкімшілігі «егер Сүрия билігі бейбіт тұрғындарға қарсы химиялық қару қоланатын болса, АҚШ пен оның одақтастары ресми Дамаскіге соққы жасайтын болады» деп мәлімдеген. Халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша, АҚШ-тың Жерорта теңізіндегі әскери теңіз күштерінің арсеналында 120-ға жуық «Tomahawk» қанатты зымырандары бар және Сүрияға соққы жасауда Пентагон соларды іске қосуы мүмкін.

"The Qazaq Times"