Кеше Reuters агенттігінің журналистерін жеті жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты. Бұл шешімге түбегейлі қарсылық білдірген АҚШ билігі мен БҰҰ Reuters агенттігінің журналистерін босатуды талап етіп отыр. 

Reuters журналистеріне Мьянмадағы рохинджалардың өліміне қатысты деректерді зерттеумен айналысқаны үшін «мемлекеттік құпия құжаттарға қол салды» деген айып тағылған болатын. Зерттеу мақалалары үшін бас бостандығынан айырылған журналистердің бірі 32 жастағы Ко Ва Лон бұрындары «Myanmar Times» газетінде жұмыс істеген. 2016 жылдан бері  Reuters агенттігінің штатында тілші. Екінші журналист 28 жастағы Ко Кья Со Оо. Мәліметтер бойынша, Ракхайн штатындағы жағдайды зерттеуде Reuters агенттігіне көмектескен. Екі тілші де рохинджа мұсылмандарына қарсы жасалған операцияны зерттеген.

Reuters журналистері Ракхайн штатындағы әскерилердің қатысуымен болған 10 рохинджалықтың өлімін зерттеумен айналысқан. Сол кездің өзінде өмірін құтқарып қалу үшін 700 мың адам Мьянмадан бас сауғалаған еді. 2017 жылдың желтоқсанында журналистер құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесіп, «мемлекеттік құпия құжаттарды» тапсырған. Осы жайттан кейін жергілікті полиция тілшілерді бірден тұтқындады. Сотта  полиция тарапынан шақыртылған куәгер оқиғаның қасақана ұйымдастырылғанын мойындаса да, Мьянма соты тілшілерді жеті жылға бас бостандығынан айырды.

Бүгін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттереш билік өкілдерінен үкімді дереу арада қайта қарауды талап етіп, Мьянма билігіне ескерту жасады. «Human rights watch» ұйымының өкілі Фил Робертсон Мьянма сотының бұл шешімін барлық тілшілерге қатаң белгі ретінде қарау керектігін айтты. Бірақ, заңы жоқ елде тілшілердің құқығын таптатып отырмайтынынын, АҚШ билігі қолдан келгенше шешімді өзгертетінін айтқан.

Ко Ва Лон бұл шешімді «Бұл – елдегі демократия мен баспасөз еркіндігінің бұзылуы. Әділетсіз үкімді қайта қарату үшін қолымыздан келгенді жасаймыз. Біз заңды бұзған жоқпыз және тосын әрекетке барған жоқпыз», – деді. Ал Reuters агенттігінің бас редакторы Стив Адлер бұл шешімді «Мьянма мен әлем баспасөзі үшін қайғылы күн» деп атады. Сондай-ақ ол өз мәлімдемесінде «Мьянманың демократия жолында артқа басқан үлкен қадамның кесірінен адам құқығы тапталды. Бәріміз білетінддей, ол елде заң мен сөз еркіндігі атымен жоқ. Ел билігі бұл олқылықтың орнын толтыруға міндетті. Журналистеріміз әділетсіздіктен жапа шегіп жатқанда қол қусырып отырмаймыз. Бұл үкімге біз ғана месе, халықаралық ұйымдар, еуропалық жоғары шенді дипломаттар және құқық қорғаушылар да түбегейлі қарсы», – деп айтты.

Қазіргі уақытта күллі әлем Мьянмаға қарсылық танытып, сот үкімін қайта қарауды талап етсе де, билік өкілдері әлі де үнсіз отыр. Атышулы жағдайды жаһан талқылау үстінде. Ракхайн аймағындағы рохинджа халқына қатысты адам құқықтарының бұзылғаны жайлы хабарлағаны үшін тұтқындалған қос журналистің жағдайы Американың бақылауында. Құрама Штаттары мен БҰҰ кез келген еркін мемлекетте баспасөз өкілдерінің қызметі халықты елдегі жағдайлармен, билік өкілдерінің әрекетімен хабардар ету екенін алға тартып отыр. Әділдік іздеп, тың деректерді жариялауға талпынған қос тілшіні жеті жылға түрмеге тоғыту арқылы Мьянма билігі өздерінің нағыз айуандығын көрсетті дейді. Жан-жақты пікірлерді түйіндер болсақ, Мьянма демократиялық ел болуы үшін, адам құқығы мен БАҚ өкілдерінің еркіндігін құрметтеуі тиіс деген тұжырым шығады.

"The Qazaq Times"