Теңізге шығатын жолы жоқ ел ретінде Қырғызстан батыс пен шығыс арасындағы сауданы жалғайтын көлік маршруттарын дамытуға мүдделі. Бұл туралы Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков 3 қыркүйекте Шолпан-Атада Түркітілдес мемлекеттер әріптестігі кеңесінің саммитінде мәлімдеді.

Оның айтуынша, "Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан" темір жол магистралының құрылысын дамыту өте үлкен маңызға ие. Себебі Қырғызстан батыс пен шығысты жалғауда алтын көпір болуға мүдделі.

«Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» бағытындағы темір жол құрылысы туралы бастама жиырма жылдан бері айтылып келеді. Бірақ жоба әлі жүзеге асқан жоқ.

2017 жылы жоба қызу талқыланды. Өткен жылы 25-27 желтоқсан аралығында Ташкентте темір жол құрылысына қатысты үш жақты келіссөз өтті. Кездесуде жобаны жүзеге асыру мерзімі нақтыланғаны хабарланды. Биыл сәуірде тараптар жаңа темір жол маршрутын анықтауы тиіс болған.

2002 жылы Бейжің жобаның техника-экономикалық негіздемесін дайындап, темір жол Өзбекстанда Торугарт, Арпа жайлауы, Үзген және Кара-Сууй аудандары арқылы өтуі керек деп белгілеген. Қырғызстандағы жолдың ұзақтығы - 268 шақырым болады. Жоба бойынша, 95 көпір және шамамен 50 шақырымдық 48 тоннель салынады деп жоспарланған.

2012 жылы Қырғызстан жобаның өз нұсқасын ұсынды. Ол бойынша, пойыздар Торугарт, Ат-Баши, Ак-Тал, Тогуз-Тороу және Сузак аудандары арқылы жүруі керек. Жол құрылысына 2 млрд доллар кетеді деп есептелген.

"The Qazaq Times"