Өзбек президенті Шавкат Мирзияев Қырғызстанның Шолпан-ата қаласында өтіп жатқан Түркітілдес елдердің Ынтымақтастық кеңесінің VI-саммитіне араға 17 жыл салып қатысуда. Бүгінгі қыркүйек саммитінде сөз алған өзбек басшысы Ш.Мирзияев Өзбекстанның ұйымға толыққұқылы мүшесі атануға дайын екенін де атап өтті. 

Соңғы рет Өзбекстан Кеңестің 2000 жылы Әзірбайжанда өткен саммитіне қатысқан екен. 2001 жылы осы ұйымның отырысына Өзбекстан Парламентінің спикері ғана қатысқан.  Ал, 2006 жылдан бері Ташкент аталған саммитке қатысудан бас тартқан.

2009 жылдың қазанында Әзірбайжанның Нахчыван қаласында жаңа ұйым құру туралы шешім шығарылған еді. Оның жұмыстарының қағидалары 2010 жылдың 16 қыркүйегіндегі Ыстамбұл декларациясында жан-жақты талқыланған. Жаңа ұйым "Түркітілдес елдердің Ынтымақтастық Кеңесі" деген атау алғанмен, Өзбекстан осы халықаралық құрылымның жұмыстары мен құрылуына еш атсалыспаған. Тек үстіміздегі жылдың сәуір айында Ташкентте Р.Т.Ердоғанмен өткен кездесуден кейін Ш.Мирзияев Өзбекстанның ұйым қатарына қосылып, Қырғызстанда өтетін қыркүйек саммитіне қатысатыны туралы хабарлаған еді. Енді, араға 17 жыл салып осы саммитке  қатысқан өзбек басшысы әріптестерін туризм, білім, экономика және инвестиция салаларында ынтымақтасуға шақырды.  Сонымен қатар, Ш.Мирзияв Кеңестің штаб-пәтерін Өзбекстанның ежелгі қаласы Хиуаға көшіруді ұсынды.

“The Qazaq Times”