Өткен аптаның соңында, АҚШ-тың Тынық мұхит флотының қолбасшылығы мәлімдеме жасап, 31 тамыз күні Жапонияның теңіз күштерімен бірлесе отырып, Оңтүстік Қытай теңізіндегі даулы су алаптарында оқу-жаттығу өткізгенін жеткізді.
Мәліметке қарағанда, оқу-жаттығуға АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхит аймағындағы 7-ші флотына қарасты «Рейган» ұшақ тасымалдаушы кемесі және зымыранға қарсы екі соғыс кемесі мен Жапонияның су үсті соғысына арналған ең үлкен кемесі «Кага» және екі шабуылшы кеме, тікұшақтары қатысқан. Аталған теңіз күштері су үсті шабуылы, бірлесе тойтарыс беру, су үстінде зат жеткізу және әскери байланыс офицерлерімен алмасу жаттығуларын өткізген.
АҚШ әскери шенділерінің айтуынша, бұл реткі жаттығу одақтас екі елдің көп жылғы әскери ынтымақтастығын тіпті де тереңдеткен және су үсті соғысындағы екі әскери күштің өзара түсіністігін арттырған.
Хабарларға қарағанда, көп ұзамай АҚШ әуе күштері ауыр салмақты B-52 бомбалаушы ұшағын Вьетнам-Қытай арасындағы даулы су алабына жібереді.
Осыған дейін Оңтүстік Қытай теңізіне қатысты айтылымдарда, соңғы жылдары Қытай аталған теңізде әскери күш-жігерін үздіксіз нығайтып, қару-жараққа қарсы круиздік зымырандарды, жер үсті-әуе зымырандарын және интерференция технологияларын қамтитын жоғары дәрежелі жауынгерлік жүйелерді орналастырып келе жатқаны айтылған. АҚШ президенті жақында Қытайдың Тынық мұхитындағы артып келе жатқан ықпалына қарсы шаралар қолданатынын мәлімдеген еді.