27 тамызда Германия канцлері Ангела Меркель мен Америка президенті Дональд Трамп телефон арқылы хабарласып, Сүриядағы жағдайларды талқылаған. Әңгіме барысында екі ел басшысы Ресейді «Сүриядағы агрессияға толы режимді тоқтатуға» шақырды. Бұл туралы «Reuters» агенттігі хабарлайды.
Сондай-ақ, олар Сүриядағы үкімет әскерінің Идлиб провинциясындағы жиһадшылар мен ислам әскерлеріне шабуылдауына байланысты алаңдаушылық білдірген. Осыған дейін Құрама Штаттары Асад Идлибті бақылауына алу үшін химиялық қару қолданатын болса, «сұрапыл әскери операция» жүргізетінін Ресейге ескерткен болатын. Олай болмаған жағдайда, Сүрия президенті Башар Асад күштеріне соққы жасау мүмкін екенін де айтқан.
Еске сала кетейік, Трамп «Reuters» агенттігіне берген сұхбатында осы мәселеге қатысты: «Ресей президентімен өткен Хельсинкидегі жабық кездесуде Сүриядағы жағдай, Ресейдің Қырымды аннексиялап алуы және Израильдің қауіпсіздігі жайлы айтылды. Ресей АҚШ-тың мүддесі үшін Сүрияда кері шегінуі тиіс және Башар Асадтың іс-әрекетіне тосқауыл болуы қажет», – деген.