Сауал: Табиғат тамаша, бірақ туристер қайда?!

Күнделікті күйбеңнен күйің кетіп, жаға ұстатар жағдайдан күйіп кететін кездер болады. Сондайда табиғат аясында таза ауамен тыныстап, тыныш табуды аңсаған сезім әр адамды айналсоқтауы ғажап емес. Əдетте, бөтеннің қаңсығын таңсық көріп, шетелге саяхаттап кететін отандастарымыз көп. Қолда бардың қадірін жете түсінсек, тұмса табиғатынан көз тоймас тамаша жерлер бізде де бар.
Сырт көзге Каспий, Бурабай, Қарқаралы, Алакөл мен Текелідегі адамдар саны көп көрінгенімен, шетелдік туристердің қарасы аз. Демек, туризм саласы əлі де ақсап тұр.

Цифрлар сөйлейді

Дүниежүзілік Туристік Ұйым мәліметтері бойынша туризм әлемнің өндірістік-сервистік нарық айналымының 10 пайызын қамтамасыз етеді. Туризм сферасына әлемдік тұтынушы шығындарының 11%-ы, ұлттық жиынтық өнімнің 6%, әлемдік инвестицияның 7%-ы, әр 16-шы жұмыс орны, барлық салық түсімінің 5%-ы келеді. Бұл цифрлар мемлекет экономикасының тікелей туризмге тәуелділігін айқындайды. Қазіргі таңда Қазақстанда 600-ден астам туристік агенттіктер қызмет етеді және 80-нен астам шетелдік компаниялармен байланыс орнатылған.

Былтыр Қазақстанға 7 млн 700 мыңдай турист келіпті. Көш басында 3 млн-нан аса адаммен Өзбекстан тұр. Көршілес Ресейден 2 млн-ға жуық адам, Қырғызстаннан 1млн-нан аса турист келген. Шетелдік туристердің қатарында Тәжікстаннан, Әзербайжаннан, Германиядан, Түркиядан, Қытай, Беларусь, Украина, Түрікменстан, Оңтүстік Корея мен АҚШ та бар.

Дерек-дәйек

Дүниежүзі бойынша туризм саласы мұнай экспорты, мұнай мен автомобильден кейінгі орында тұр. АҚШ, Англия, Германия, Франция, Сингапур, Нидерланды сынды алпауыт мемлекеттерде туриндустрия алдыңғы орында. Мысалы, World Economic Forum’s 2018 Travel and Tourism Competitiveness Index-ке сай, туризм салсында əлемдік рейтинг көшбасшылары Испания, Франция, Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Австралия, Жапония жəне Канада болып отыр. Ал Қазақстан 2018 жылдың қорытындысы бойынша Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі (ДЭФ ЖБИ) рейтингінде 138 мемлекеттің ішінде 57-орында.
Көптеген елдер арасында саяси, экономикалық, мəдени байланыстардың дамуына елеулі əсерін тигізіп, ұлттық экономиканы жандандыруға ықпал етеді. Туризмі экономикасымен қатар дамыған Солтүстік Америкада 275,26 млрд, Еуропада 170,21 млрд-тан астам кіріс тапса, Ұлыбританияға 26 млн, Францияға 19 млн, Түркияға 15 млн-дай турист сапар шегеді. Демек, халықаралық туризм елдер арасындағы экономикалық өсу локомотиві саналады.

Қазақстандағы туризмнің кемшін тұстары.

Біріншіден, қызмет көрсету, сервис жағы жөнді қарастырылмаған. Екіншіден, елдімекендердің арасы алшақ. Мысалы, мен Еуропада бір ғана емес бірнеше жерді аз уақыт көлемінде аралай аламын. Үшіншіден, жол мәселесі мен жемқорлықтың да зияны бар. Жолды жөндеуге айлап ақша салынса да, нәтиже байқалмайды. Төртіншіден, маркетинг бір ізге қойылмаған. Бесіншіден, егер бағыт-бағдар берушілер ағылшын тілін жетік білсе, тіпті керемет болар еді.

Сонымен, туризмді дамыту кезек күттірмеуі тиіс. Қазақстан шикізат өнімдері арқылы экономикасына үлес қосып отыр. Алайда, мәңгілік ел атану үшін табиғи ресурстарды межеде сақтағанымыз жөн. Елдегі басты артықшылық – көрікті жерлер, тарихи нысандар мен табиғи ресурстар. Осы ерекшеліктерді пайдаға жаратсақ, дамыған елдер қатарына қосылу мүмкіндігіміз арта түседі. Ал жоғарыда айтылған мәселелер өз шешімін тапса, отандастарымыз Бодрум емес, Бурабайға, Анталия емес, Алакөлге жол тартар еді...

 

"The Qazaq Times"