Бүгін «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен «Ұлы дала eліне саяхат» жобасы басталды. Экспедиция Сарыарқа бағыты бойынша жүріп, 4 қыркүйекке дейін созылады. Барлығы 16 күн ішінде экспедиция мүшелері Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының ең қызықты жерлерімен танысады.

Аталған экспедиция құрамында саяхатшылар, телевизия журналистері, шетелдік және қазақстандық тревел-блогерлер бар.  Жоба еліміздегі ең маңызды туристік кластерлерді, сондай-ақ Қазақстанның он бір облысы бойынша алты бағытты қамтиды: « «Тянь-Шань маржандары», «Алтай – өркениет бесігі», «Жетісу Алатауы», «Сарыарқа», «Теңізден теңізге дейін» және «Жаңа Жібек жолы». Соңғы бағытта қазақстандық қатысушыларға "National Geographic" Ресей телеарнасының тобы да қосыламақ.

Жобаға қатысушылар «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағынан бастап, Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық саябағына, Қарқаралы, Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтарына және Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығына саяхат жасайды. Еліміздің көрнекі жерлері мен тарихи нысандарымен танысу барысында саяхатшылар барлығы 4595 шақырым жол жүріп өтеді. Жоғарыда аталған бағыттар ішкі және сыртқы туризмді мейлінше көп қамту есебімен жүзеге асып отыр. «Ұлы дала еліне саяхат» жобасының қорытындысы ретінде туризм дамуының деңгейі мен мәселелері талқыланады.

"The Qazaq Times"