Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған кеше шетелдегі өкілетті елшілердің конференциясында мәлімдеме жасады. Ол АҚШ президенті Дональд Трамптың санкция жөніндегі шешімдерін және сыртқы саясатын жерден алып, жерге салды. Сондай-ақ, Түркияға қысым жасау оның халықаралық жетістіктерін көре алмаушылық деп бағалады. Бұл туралы сол елдің «Анадолы» ақпараттық агенттігі хабарлады.
Ердоған сөзінде «Түркия басқа салаларда қысымға ұшырағаны секілді, экономикада да үлкен бір қоршаумен бетпе-бет келіп отыр», – деді. Ол және 2013 жылғы Гази оқиғасы, 17-25 желтоқсан аралығындағы құқық саласына бағытталған төңкеріс және 2016 жылғы 15 шілде төңкерісі сынды әрекеттердің тағыда жалғасуы мүмкін екен, Түркия бұл сындарға төтеп беруге дайын болу керек екенін ескертті.
Түрік президенті сөзінде: «Біздің бұндай сындарға тап келуіміздің себебі – ұлттық мүддеміз тұрғысынан бас тартпайтын ұстанымдарымыздың болуынан», – деді.
Ердоғанның сөзінде Трамптың сыртқы саясатына деген кекесін рай да анық байқалды. Айталық: «Президентпін деп бәрін жасай беруге болмайды. Мемлекет есептерінің бәрі елдің ережелеріне сай жасалуы керек. Кеште жатарда «Ертең мен болатқа қосымша кеден салығын кіргіземін» деп ойлай салуға бола ма?», – деді.
Трамп саясатына қаратқан сөзінде Ердоған: «Бірде стратегиялық серігім деп, соңында стратегиялық серіктесінің артынан оқ атасың. Ал, Ауғанстаннан бәрі шегініп кеткен кезде менімен бірге бола қалғың келеді. Тағы бір жерде НАТО-мен одақпын дейсің де, кейін одақтасыңды ту сыртынан атқың келеді. Міне, бұларды қалай қабылдауға болады? Бұған біз көне алмаймыз», – деп салды.
Соңында, бұндай саясаттың бәрі де өз жауабын алатынын ескерткен Ердоған, Түркия экономикасы әлі де өз тұғырында екенін қадай айтып өтті.