Соңғы уақыттары «Талибан» қозғалысының  үкіметтен ірі қалаларды тартып алумен әрі көрші мемлекеттер басшыларымен ел тағдырына қатысты өз беттерінше шешімдер шығару сияқты әрекеттерімен Ауған билігінің шамына тиіп жүргені анық. Сондай-ақ, осындай әрекеттері арқылы күн өткен сайын олардың белсенділіктері артып, «жетістіктерге» жетіп жатқаны да байқалады.

"Жетістік" дейтініміз, кеше, 12 тамызда Ауғанстанның ірі қаласындағы бір қақтығыс кезінде тәлібтер тарапынан 100 бірдей коммандос өлтірілген. Бұл — осыған дейінгі екіжақты қақтығыстардың ішіндегі ең қорқынышты әрі арнайы операция өкілдерін өлтіру ісі бойынша рекордты көрсеткіш болып саналады екен. Өлтірілген командостардың америкалықтардың тікелей басшылық етуімен жаттығушы арнайы бөлімшелердің күрескерлері екені анықталған. Ал, арнайы бөлімше күштері мен коммандостар ауған әскерінің бетке ұстарлары болып есептеледі. Олар жақсы жабдықталып, қаруландырылған әрі америкалық нұсқаушылардың жетекшілігімен жаттығып тұрады. Қалалар мен қандай да бір аумақты тәлібтерден азат етуге бағытталған құтқару операцияларында алдыңғы шепте дәл осы коммандостар орын алады. Бірақ, осындай әлеуетке ие бір емес, жүз бірдей коммандостың өлтірілуі тәлібтердің басым күшке ие бола бастағандарын білдіре ме?

Кеше ғана тәлібтердің «Жиһад дауысы» («VICE OF JIHAD») сайтында Ауғанстанның Газни қаласының тәлібтердің қолына өткені туралы хабар тарады. «Әкімшілік орталығы, полицейдің штаб-пәтері және Газнидің өзге де инфрақұрылымдары алынды» , - деп жазылған сайтта. Сонымен қатар, сайттағы осы хабарда командир мен 5 офицермен қоса, үкіметтік күштің 100 коммандосының өлтірілгені туралы да хабарланған. Ал, бөлімшенің қалған отрядтары тауға қашқан. Бұлардың бәрі тәлібтердің сайтында жарияланғандықтан, сенімді дерек болып та саналмас еді. Алайда, франциялық «20minutes.fr» сайты америкалық «The New York Times» басылымының осы жаңалықты растағанына сілтеме жасап:

«Бірнеше күн қатарынан коммандостар туралы ешқандай хабар болмады. Жексенбі күні олардың денелері табылғанда, арнайы бөлімше отряды құрбандарының саны 40 тан 100 адамға дейін жеткені туралы нақтыланды. Құтқарушылар 22 күрескерді таудан тауып алғаннан кейін, олар есекпен қауіпсіз жерге жеткізілген», - деп хабарлайды.

Бүгін, соңғы мәліметтер бойынша, тәлібтер қазіргі уақытта Кабул-Кандагар тас жолын жауып тастап, Аджристан қаласын қоршауға алып отыр. Батыстық мамандар, тәлібтердің бірнеше нысанға бір мезетте шабуылдай алатын тактикаларды әбден меңгергенін айтып, әрі арнайы бөлімше отрядтарының қазіргі күшінің айтарлықтай әлсірегені туралы да бірдей пікірде. Бұл пікірлерін дәлелдеу үшін тәлібтердің осы жылдың наурыз айында да Фрах қаласына шабуыл жасап, 10 коммандос пен 8 полицей өкілінің көзін жойғандарын алға тартады.  Ал, бұл жолы 10 емес 100 коммандостың өлтірілуі көпжылдық соғыста тәлібтердің жеңіске жетіп жатқандығының көрінісі ме?

“The Qazaq Times”