ҰБТ тапсыру кезінде түлектердің 85% шекті деңгейден өтті, бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлі Ерлан Сағадиев Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында баяндады.
Е.Сағадиевтің айтуынша, 2004 жылдан бастап өткізіліп келген кешенді тестілеуге биыл 15 жыл. Осы аралықта ҰБТ-ға 1,775 млн мектеп бітіруші қатысты. Бұл барлық түлектердің 80%-ын құрайды. 2017 жылға дейін ҰБТ екі функцияны атқарды: мектептегі оқуды аяқтайтын қорытынды емтихан және жоғары оқу орындарына түсу емтиханы.
2017 жылдан бастап «Алтын белгі» мектепте беріліп келеді. Осы жылы «Алтын белгі» иегерлерінің саны 6800 адамнан асты.
Биыл ҰБТ-ға қатысуға 100 мыңнан астам түлек өтініш берді. Олардың ішінде 75% — қазақ тілінде 25% — орыс тілінде. Сәйкесінше, комиссияның шешімімен жалпы гранттардың 75% қазақ тілінде және 25% орыс тілінде білім алуға бөлінді.
ҰБТ-ға 98 мыңнан астам адам қатысты. Нәтижесі бойынша орташа балл — 83. Өткен жылы бұл көрсеткіш 80,5 балды құрады. Шекті деңгейден 84 мың бітіруші, яғни қатысушылардың 85% өтті.
Тестілеу кезінде 30 мыңнан астам тест тапсырмалары пайдаланылды. 243 апелляциялық өтініш түсіп, оның ішінде 101 өтініш қанағаттандырылды.
Арнайы Республикалық штаб құрылып, құрамына Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктерінің өкілдері кірді.
Сондай-ақ, ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттілігі бар 51 түлек қатысты. Оларға жеке аудитория берілді, көмекшілер, сондай-ақ ымдау тілін білетін мамандар көмек көрсетті.
«Осы жылы тестілеу барысында 82 мыңнан астам тыйым салынған заттар, оның ішінде 54 мыңнан астам ұялы телефон, роутер, модем секілді және 28 мыңнан астам қағаз түріндегі заттар табылды. Мұндай фактілер жыл сайын кездесіп отырады. Бұл бағыттағы бақылауды әрі қарай да күшейтетін боламыз», — деп мәлімдеді Е. Сағадиев.
ҰБТ өткізу кезінде 1200 аудитория қолданылып, олардың 90% онлайн-таратылыммен қамтамасыз етілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда үш есеге өсті. Сондай-ақ, ҰБТ өткізу кезінде орталықтар 4G стандартты байланыс сигналдарын басатын құралдармен, металл іздегіштермен толығымен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар ҰБТ өткізу орталықтарында тамақтандыру және ата-аналар үшін күту орындарын, ауылдан келген түлектер үшін көлікті қамтамасыз етті, сондай-ақ, медицина қызметкерлері тест өткізу орнында кезекшілік етті.
Кешенді тестілеуге келсек, ол 14–18 шілде аралығында 48 ЖОО базасында өткізілді. КТ-ға қатысуға 45 мыңнан астам адам өтініш беріп, 42 700 адам немесе өтініш бергендердің 93,2% қатысты. Жалпы шекті деңгейден қатысқандардың 56,4% өтті. «Биыл мемлекеттік білім гранттарына қосымша жергілікті атқарушы органдар есебінен 2700-ге жуық грант бөлініп отыр. Нормативтік база дайын. Бұл гранттар айдың аяғына дейін бөлінеді», — деді Е. Сағадиев.
Қазіргі таңда мемлекеттік білім гранттарын тағайындайтын республикалық комиссия өз жұмысын аяқталып, байқау нәтижелері БАҚ-та жарияланды.
Қорытындылай келе, білім және ғылым министрі педагогтер қауымы мен ата-аналар тарапынан түскен ҰБТ мен КТ процесін жетілдіруге қатысты ұсыныстарды жеткізді. Осылайша, ҰБТ мен КТ-ны біріктіру, ҰБТ өткізу процесінен мектеп мұғалімдерін босату, мектептерде сынама тестілерін өткізбеу, мемлекеттік білім гранттарын оқу тілдеріне бөлмей тағайындау және т.б. мәселелер қаралып жатыр.