Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған АҚШ тарабы бұрынғы қол қойған келісім бойынша Түркия әуе күштеріне F-35 ұшақтарын сатып бермейтін болса, халықаралық сотқа шағым түсіретінін ашық айтты. Анығында, түрік елі мен Құрама Штат арасындағы келісім Түркия-Ресей арасындағы S-400 саудасына байланысты бұзылған болатын.

Даудың басы Сүрия соғысы 

Бұл қару-жарақ саудасының дауы Сүрия соғысы кезінен бастау алған. Сүрия соғысы кезінде Түркия әуе қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаған НАТО-ға өкпелеп, өз әуе кеңістігін өзі қорғауға кіріскен. 2013 жылы Құрама Штат өзінің Patriot атты зымыран қорғаныс жүйесін берді. Алайда, 2015 жылға жеткенде бұл құралдарын Түркиядан алып кете бастады. Оның себебін Сүрияның әскери қуатының әлсіреуінен деп түсіндірген. Осы тұстарда Түркия шын мәнісінде әуе қорғаныс жүйесі жоқ елге айналып қалды.

Түркияның жедел қадамы

Соның нәтижесінде Ресей-Түркия арасында S-400 әуе қорғаныс жүйесін сату-сатып алу келісімі жасалды. Ресейлік бұл қару РФ-ның өзінен тыс Қытай мен Беларусь қатарлы елдерде ғана бар. НАТО-ға мүше елдер арасында Түркияда ғана зымыран қорғанысына арналған ресейлік қару бар.

АҚШ пен НАТО-ның наразылығы

Бұл жағдай АҚШ-тың наразылығын тудырды. Құрама Штат бастатқан НАТО мүшелері ұйымға мүше елдер территориясын қорғайтын ортақ жүйені ғана пайдалануды алға тартқан. Алайда, Анкара тарабы біртұтас жүйенің Түркия территориясын қорғауға дәрменсіз екенін алға тартты.

Құрама Штат сенаторлары Ердоғанға қайта-қайта ескерту жасап, Ресейге санкция салынғанын есіне салып келді. Осы жазда АҚШ Конгресі Түркияны райынан қайтару үшін жаңа үлгідегі F-35 ұшақтарын бермеу туралы жобаны көтерді. Алайда, Трамп маусым айында ғана әскери ұшақтарды жеткізіп беруге уәде еткен. Сонда да, Конгресс ресейдік қорғаныс жүйесін сатып алған елге әскери ұшақ өткізіп беру ісін қайта қарауды  ұсынды.

F-35 ұшақтары Түркияға не үшін керек болды?

Шын мәнінде, Түркия өзінің бесінші ұрпақ әуе күштерін жасақтап шықпақ. Бұл стратегиялық жоба TFX деп аталады, ол үшін Түркияның өз өндіруші, инженерлерінен сырт, британдық BAE Systems да тартылған. Ал, F-35 ұшағы болса қазір әлемдегі ең озық әскери ұшақ болып табылады. Ол АҚШ-та 1990 жылдардан бері жасалып келеді. Егер Құрама Штат тарабы аталған ұшағын Түркияға сатып бермесе, түрік тарабы Ресейдің Су-57 ұшағын сатып алуы мүмкін делінген.

“The Qazaq Times”