Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен 2018 жылдың І жартысындағы әлеуметтік-экономикалық даму қортындылары және ІІ жартыжылдыққа арналған міндеттер туралы мәселе қаралған облыс әкімдігінің отырысы өтті.
Негізгі баяндаманы жасаған облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов бірінші жартыжылдықта экономиканың барлық салаларында өсім қарқыны сақталып, 5,3 % өсім қамтамасыз етілгенін атап өтті.
Осы жолғы баяндаманың мазмұны бұрынғыдан ерекше болды. Барлық салаларда өсім бола тұра, баяндамада жетістіктер тізбеленіп айтылмады. Облыс дамуына аудандар бөлінісінде терең талдау жасаған Ж. Тұяқов негізінен қай бағыттың ақсап жатқандығына көбірек тоқталды. Оның айтуынша, есепті кезеңде өнеркәсіп өндірісінің өсімі 3,7 % болса, соның ішінде өңдеу саласының ұлғаю көрсеткіші 6 % құрап отыр. Жаңадан іске қосылған 23 және кеңейтілген 10 кәсіпорынның есебінен 760 жаңа жұмыс орны құрылды. Бірақ осы кезеңде Ақсу, Қаратал Ұйғыр аудандары өндіріс көлемін құлдыратып жіберген. Сол сияқты ірі қара еті бірінші жартыжылдықта мүлде экспортқа шығарылмаған. Жоспарланған 15 мал бордақылау алаңының 2550 басқа арналған 8-і құрылса, бұл орайда Қаратал, Ақсу, Ескелді және Панфилов аудандары көрсеткішті кері тартып отыр. Сүт-тауарлы фермалар құру ісінде де жұмысты ширату қажет. Облыста әзірге ет өңдеу – 38 %, сүт өңдеу – 32 %, ал жеміс-жидек өңдеу небары – 11 %. Яғни өңдеу саласының алдында тұрған міндет орасан зор.
«Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру баяу жүріп жатыр. Әзірге кооперативке тарту жоспарланған 10,8 мың ЖҚШ-ның 362-сін ғана тартып үлгердік. Жыл басынан бері Балқаш, Алакөл, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Ұйғыр аудандары бір де бір кооператив құрмаған», - деді Ж. Тұяқов.
Шағын және орта бизнесте 113 мың бірлік субъект жұмыс істесе, жылдың алғашқы жартысында олардан түскен салық түсімі 47 млрд. теңгені құрап, жергілікті бюджеттегі үлесі 39%-тен 50%-ке өсті. 2018 жылы ашу жоспарланған ШОБ-ның 100 нысанының 32-сі ашылып, соның есебінен 683 жаңа жұмыс орны құрылды. Осы 100 нысан тізбесі бойынша әлі күнге тырп етпей отырған аудандар да бар. Олардың да аттары аталып, есебі сұралды.
Ж. Тұяқов «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасына» байланысты жұмыстарға ерекше екпін түсірді. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 11 млрд. теңге бөлінсе, соның 5,4 млрд. теңгесі –«5 әлеуметтік бастама» шеңберінде қарастырылған 1,3 млрд. теңгені қоса алғанда -шағын несиелендіруге қарастырылып отыр. 23 маусымдағы мәлімет бойынша, небары 1,8 млрд. теңге сомаға 359 шағын несие берілген.
Ал «7.20.25» бағдарламасы бойынша 581 пәтерлік 14 тұрғын үй салу –4-еуі - Қарасай, 9-ы - Талғар аудандарында, 3-еуі - Талдықорған қаласында салынады деп жоспарланған. 1 тұрғын үй Қапшағай қаласында пайдалануға берілді.
Баяндамасында сонымен қатар туризмді дамыту, ауыз сумен, газбен қамту, жол жөндеу, әлеуметтік салалар бойынша да орын алып отырған олқылықтар айтылды. Сөз соңында Ж. Тұяқов аудан және қала әкімдеріне мемлекеттік салалық бағдарламалардың орындалуына, «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуына, нысаналы индикаторларға қол жеткізуге, өнеркәсіп өндірісінің төмендеуіне жол бермеуге, экономиканың барлық салаларында цифрландыруды қамтамасыз етуге баса назар аударуды тапсырды.
Облыс әкімі Амандық Баталов ірі қара етінің жыл басынан бері экспортқа шығарылмау, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудағы сылбыр жұмыс, газдандыру шараларын ұйымдастырудағы олқылықтар,шағын және орта бизнес нысандарын ашу ісіндегі баяулық және басқа да бірқатар мәселелер бойынша аудан, қала әкімдерін, тиісті құрылымдар басшыларын сынға алды. Балқаш, Көксу аудандарының әкімдерін, облыстық ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика және ТҮКШ басқармаларының басшыларын мінбеге шығарып, толымды жауап талап етті. Ауыл шаруашылығындағы жол берілген кемшіліктерді тез арада түзеуге бағытталған кешенді шаралар қабылдауды, «7.20.25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша нақты нәтижені талап етенінін қадап айтты.Облыстағы салынып жатқан мектептердің әрқайсысы кестеге сай уақытта, әсіресе 1 қыркүйекте пайдалануға берілуі тиіс мектептерді 25 тамызға дейін толық аяқтау, денсаулық сақтау саласында ана мен бала өлімін болдырмауға күш салу және басқа да келелі міндеттер қойылды.
Алакөл жағалауында орын алып отырған бей-берекеттіктерді әлеуметтік желі арқылы көріп, біліп отырғанын да тілге тиек еткен облыс әкімі арнайы көл жағалауын тазартатын коммуналдық мекеменің жұмысын ширатуды тапсырды.
- Бірінші жарты жылдың қорытындысы бойынша барлық көрсеткіштерде жалпы өсім бар, даму қарқыны сақталып отыр. Бірақ кейбір сылбыр әкімдердің жақсы жұмыс істейтін басқа аудан әкімдері есебінен тып-тыныш демалып жүруіне жол бермеймін. Сол үшін де осы әкімдік отырысында мен орынбасарым Жеңіс Тұяқовтан аудан, қалалардың, әр саланың бүге-шігесіне дейін талдау жасап, терең сараптама жаса деп тапсырдым. Облыстың ортақ көрсеткіші негізінен аудан, қалалар әкімдерінің жұмысына байланысты. Сондықтан осындай терең талдауды әр аудан, қала өздерінде дайындап, жұмыстың қай бағытта, қалай жүріп жатқанына жақсылап үңіліңдер, - деді А. Баталов.