Таласқа түссе жан мен ту...
13 шілденің таңы. Біз Қызылжардағы "Жастар" стадионына бет алдық. Сегіз сері Бахрамұлының 200 жылдығына арналған «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ұйымдастырған дүниежүзі қазақ жастары арасында шағын футболдан дәстүрлі «ER JANIBEK CUP-2018» турнирі басталды. Басталды деген жай сөз. Қаз-қатар тізіліп, өзге мемлекеттің туын көтеріп, қазақтың қаргөздері шыға келгенде жүрек шіркін, өрекпіп жайсыз бір күй кешеді екен.
Қазақтың көк туының астында тұру да - бір бақыт. Франция, Австрия, Дания, Италия, Түркия, Ресей, Моңғолия, Иран, Өзбекстан және Қырғызстанның жалауын желбіретіп, сөйте тұра жүрегі қазақ деп соғатын бұ балаларды түгелімен жер жаннаты Қызылжарға көшіріп алғым келді.
Менің басымнан кешкен осы күй өзгелердің де санасын шымшылап жатқан шығар, кім білсін!
Кеше Қызылжарға келгеннен соң, облыс әкімінің дастарханында болғанбыз. Сол жерде шеттен келген командаларды ұйымдастырып әкелген уәкілдерге сөз берілді.
Құдая тәубе, Ресейдегі бауырларымыздан өңгесі ана тілін ұмытпапты. Рас, қазақшаға келгенде кібіртіктеп қалатын жігіттер жоқ емес. Бұл кібіртіктеу алдағы он жылда қазақтың тілін ұмыттыруға апаратыны, жиырма жылда қазақтықтан айырып жіберетінін ойлап, тағы да жүрек сыздап еді.
Ертесі күнгі көп жалау ескі жараның бетіне және тұз сепкендей әсер етті.
"Көк тудың желбірегені,
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе, жан мен ту
Жан емес маған керегі" деп асқақтата Ермұрат ағамның әнін айтар күн туса ғой деп тіледік. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға таяу уақыт өтсе де әлемдегі бар қазақтың қалқаны бола алмағанымыз, елге көшіп келу идеологиясын жеріне жеткізіп жүргізе алмағанымыз өкіндірді.
Мыңға татитын бір қазақ
Дүниенің төрт бөлігінде тарыдай шашылған қазақ жастарын жинап алып, доп тепкізіп, "міне, сенің елің, міне сенің жерің" деп айту үшін де үлкен жүрек керек. Бұл шарадағы бар мақсат, бар ойды осы бір ауыз сөз ғана түйіндейтінін мен айтпасам да түсінерсіздер. Осы бір сөз, бір түйір ой үшін қалтаға жиған аз ақшасын шашқан, қазақтың атымтай азаматтары жайлы бір ауыз сөз айта кетейік.
Біз ұлттық буржуазия қалыптастыра алмаған ел едік. Кезінде Алашордашыларға қаржылай көмек берген сансыз байлар қазір жоқ. Өз қара басынан шарапаты артылмайтын Шығайбайлар құмырсқадай өріп жүрген тұста "елім, жерім" дейтін бірлі жарым адамдарға зәру екеніміз рас.
Қазір не шара өтсе де, "тендерден қанша ақша алыпты" деп сұрайтын хәлге жеттік. Тендерсіз де таң атыруға болатынын «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының басшысы Жеңіс Түркия Жәнібек батырдың 300 жылдығын өткізіп, бар қазаққа әйгілегені кеше ғана.
Ащы шындықты осындайда айтуға тура келеді. Мемлекет Абылайдың асын асығыс атап өтіп, Қазақстанның шектеулі шекарасынан асыра алмай қалғанын біраз БАҚ сынағанын білесіздер. Ал, Жеңіс Түркия бастаған жігіттер сол Абылайдың сарбазы Ер Жәнібектің тойын әлемнің бірнеше елінде тойлап, дүркіретіп жібермеді ме?
Қош! Осы да жетер. Жеңістің басқа ісін тізіп жату - басы артық іс. Біз Ер Жәнібек тойын айтып отыруымыздың бір ғана себебі бар. Ел атқарылған әр іске сыншы. Ел - таразы. Бүгін айтылмағанымен, бүгін бағаланбағанымен түптің түбінде бәрі айқындалар кез келеді. "Ел үшін не істедің?" дейтін күн туса, ұйылып қалмау үшін қалтасында қаржысы бар әр қазақ қамсыз қалмауға тиіс.
Мені осы жолы елең еткізген екінші тұлға болды. Ол Қызылжардың тумасы - Жомарт Омаров. Сегіз сері Бахрамұлының ұрпағы екен. Әкесі - Социалистік еңбек ері болған. Адам негізге тартып тумай ма? Осы шараның өзге қалада емес, Қызылжарда өткізуге мұрындық болған осы Жомарт мырза екен.
Жомарт мырза әкім берген аста толқып тұрып сөз сөйледі. "Осыдан отыз жыл бұрын мына қалада қазақтар жиылып, осындай той жасап жатса, ешкім сенбеген болар еді" деп бастап, іштегі шерін ақтарып тастады. Самал Есләмова қазақша сұхбат бергенде "солтүстігінде мынадай қызы бар қазақ бақытты ғой" деп жүрегім жарылып кетердей қуанып едім. Мыңға татитын Жомарт Омаровтай жігіт-ағасын көріп, күдігі басым көңілдің үміт шырағы қайта тұтанғандай болды.
Қаңғыған доп
Қош! Футболға оралайық. Біз үшін арғысы Австрия, бергісі Моңғолия бастаған 25 команданың ойыны кеше ғана өткен Әлем чемпионатынан бір мысқал кем болған жоқ. Жастар ала допты көкпарша "тартқылады". Бір мезетте төрт алаңда сайысқа түскен ойындарды тамашалау сәл қиын болды демесеңіз, қазақ жастары жарап тұр екен.
Алаң арасында әр ойынды тамашалап жүгіріп жүріп, қаңғыған допқа жолықтым. Тосып алып, алаңға қарай асырмақ едім, әлгі доп тосқан аяғымды жұлып кете жаздады. Мұндай ауыр соққыны тоқтатпағалы көп болғандықтан ба, аяғым сыздап қоя бергені. Сыр білдірмей допты теуіп қалып, алаң шетіне жылыстап кеттім. Содан кейін доп ойнаған жастар әр секунт, әр минут сайын сондай ауыр соққыларды тосып жатқанын көріп, футбол дегеннің жай ойын емес екенін терең түсінгендей болдым.
Мерейі үстем
Жарыс болған соң, жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Бұл ойында меніңше жеңіліс жоқ. Өйткені, әлем қазақ жастары тарихи отанында доп тепті. Бұл - қандай жеңістен де ыстық. Сонда да мерейі үштем болған ойыншылар мен командаларды атай кетейік. Үздік шабуылшы: Көпеев Руслан (Динамо, Петропавл), Үздік қақпашы: Ахмадеев Мухамадия (Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау), Үздік қорғаушы: Нұржанов Еркін (Бірлік Керуен, Алматы), Сұрмерген(Бомбардир): Советов Қуаныш, (19 доп, Сауыр, Алматы), "Астананың 20 жылдығы" :Стамбул, Түркия, Тұрсынбек Кәкішев атындағы "Ұлттық рух": FC Europe, Австрия, Вена
1 орын - Сауыр, Алматы,
2 орын - Бірлік Керуен, Алматы,
3 орын - Ш. Уалиханова ат КМУ,
4 орын - Динамо, Петропавл
Осылай Сегіз сері Бахрамұлының әнімен көмкерілген сайыс өз мәресіне жетті. Белгілі қоғам қайраткері Балташ Тұрсынбаев, ұстаз-ғалым Күләш Ахметова, этнограф-жазушы Болат Бапай сынды ондаған тұлғалар сөз сөйлеп, жастардың рухын асқақтатқан жиыннан соң, біз жергілікті халықпен сөйлесіп, ел мен жер туралы әңгіме сұрастыра бастадық. Қаланың көрікті жерлерін араладық. Сөйтіп жүріп, бар қазақтың басына түскен, әлі ешкімге мәлім емес бір ауыр ауыртпалық туралы ақпаратты естіп, Ақмола облысына жолға шығуға тура келді.
Жарысқа қатысушылар пойызы Қостанайда сегіз сағат аялдайтын болғандықтан тез жиналып, Көкшетауды бетке алдым.
Алдымда - сұлу Көкше! Мен естіген ақпарат рас болса, қазақтың басына нәубәттің тағы төнгені де...
(Жалғасы бар)
Қанат Бірлікұлы
Abai.kz