АҚШ-тың қорғаныс министрі Жеймс Меттис бейсенбі күні Сеулге сапарлай барып, Оңтүстік Корея қорғаныс министрімен кездесті. Кездесуде Солтүстік Кореяның ядролық қарусыздану мәселесін талқыға салды. Меттис сол елдің лауазымды тұлғаларын Оңтүстік Кореяның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде АҚШ-тың ұстанымы әлі де берік екеніне тағы бір реткі сендірді. Бұл туралы VOA хабарлады.
Маусым айының бас шенінде АҚШ президенті мен Солтүстік Корея лидерінің кездесуінен соң, Оңтүстік Корея тарабы АҚШ армиясының түбектен кетіп қалуынан алаңдай бастады. Себебі, егер Солтүстік Корея тарабы АҚШ армиясының түбектен кетуін, ядролық қарусызданудың өтеуі ретінде талап етсе, бұл Сеул мен Уашингтон арасындағы келісімге кері әсерін тигізуі мүмкні еді.
Президент Трамптың кейбір шешімдері Тынық мұхитының батыс жағалауындағы АҚШ-тың одақтастарын алаңдатты. Айталық, АҚШ-Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығуларының тоқтатылуы Сеулді ойландырды.
Алайда, Меттис бұл сапарында: «Бірлескен жаттығудың тоқтатылуы бейбітшілік процесі үшін. АҚШ пен Оңтүстік Кореяның әскери ынтымақтастығы сақталып қала береді. Корей түбегіндегі америкалы әскерлердің саны да өзгерістерге ұшырамайды. Екі елдің қарулы күштері кез-келген қиыншылықтарға бірге қарсы тұрады», – деп сендірді.
Қытай сапарынан қайтар жолында, Меттис Оңтүстік Корея және Жапонияның жоғары лауазымдыларымен кездесті. Қытай сапарында ҚХР төрағасы Ши Жинпиңмен кездесіп, АҚШ-Қытай арасындағы ең салмақты қайшылықтарды талқылады.