Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп шекарадан заңсыз өткен мигранттардың балаларын қоса қамау туралы бұйрық берген. Құрама Штаттары заңсыз кірген мигранттардың балаларын арнайы орындарға қамауға алған. Шекара қызметінің бұл әрекеті және Трамптың бастамасы АҚШ пен бірқатар Батыс елдерінде қатты сынға ұшырады.

"Америкаға қош келдіңіз! Фото: TIME/BBC.

Осы апта “Time” басылымының мұқабасына басылған сурет те әлем назарын өзіне аударды. Аталған басылым Янела Денис атты кішкентай қыз бен Трамптың суретін біріктіріп, «Америкаға қош келдіңіз!» деген мақала жариялаған. Янела Денистің бұл суреті анасы Сандра Санчезбен бірге АҚШ шекара қызметкерлеріне ұсталған кезінде түсірілген. Янела мен Трамптың суреті жариялана салысымен, Трамп әкімшілігінің қатал саясатының «символы» ретінде, әлем елдерінің интернетінде «хит»-ке айналып шыға келді. Әрі бұл суретті көргендер «Заңдық көмек орталығы» атты ұйымның есебіне бірнеше күннің ішінде 17 млн АҚШ доллары қаражат аударған.

Денистің отбасы. Фото: FACEBOOK.

Гондурас мемлекетінің азаматы, заңсыз келген мигрант қыздың әкесі Денис Валера АҚШ шекарашылары қызымнан айырды деп айыптады. Валера АҚШ-қа жұмыс істеу мақсатында келген. Ол шекарадан өту үшін америкалық шекара қызметкерлеріне 6 АҚШ доллары көлемінде ақша төлегенін де жасырған жоқ.

Сандра Санчезді қызымен бірге ұстаған америкалық шекара қызметкерлері журналистерге жауап беріп, Санчез көтеріп тұрған қызын өзінің сұрауы бойынша жерге қойғанын, әрі шекара қызметкерлері жылап тұрған сәбиге қарап, «Бәрі дұрыс па?» деп жағдайын сұрағанын, анасы қызының шаршағанын және су ішкісі келгенін ғана айтты деген.  

Сандра Санчез көтеріп тұрған қызын жерге қойып, шекарашылармен сөйлесуде. Фото: GETTY IMAGES/BBC.

Аталған суретті танымал фотограф, Пулитцер  сыйлығының иегері Жон Мур 12 маусым күні Техас штатының шекарасына жақын МакАллен қаласында түсірген. Оның айтуынша Сандра Санчез бен қызы Рио-Гранде өзені арқылы қайықпен заңсыз өтіп келгенде шекарашылар жағынан ұсталып қалған.

Шекарада қамалған мигрант балалар. Фото: LEROY PENA/BBC.

Трамп үкіметі АҚШ-қа заңсыз кіретін мигранттарға қарсы қатал жазаны сәуір айынан бастады. Содан бері Мексика шекарасынан заңсыз кіргендердің 2300-ден астам балалары арнайы орындарға қамалған. «Time» журналы Янеланың суреті АҚШ-дағы миграция дауының «символына» айналғанын айтады. Бірақ, мақалада Янеланың ата-анасынан бөлініп қалмағанын ескерткен.

“The Qazaq Times”