Жексенбі күні Түрік Республикасында президент сайлауы өтпек. Түркия мен Еуропа елдері арасындағы соңғы кездегі кірбеңдіктерге байланысты, Батыс басылымдары Ердоған туралы түрлі сын айтуда. Financial Times басылымы «Ердоғанның ойыны» атты мақала жариялап, «Бұл реткі сайлауда Ердоған мақсатына жете алмай қалуы мүмкін» деген болжам жасайды.
Аталған мақалада: «Бұған дейін Ердоған мұндай әлсіз, шаршаңқы көрінген емес» деген сөздер кездеседі. Сонымен бірге, қоғамдық пікірлерді зерттеген агенттіктердің мәліметіне қарағанда, президент Ердроған алғашқы айналымда жеңіске жете алмайды, екінші кезеңде барын салуы мүмкін деген болжамдар айтады.
Бірқатар батыстық басылымдар сайлау кезіндегі Түркияға көршілес елдердегі жағдайды да көбірек ескеру керек екенін айтады. Ирак пен Сүриядағы әскери қақтығыстар, Түркияның АҚШ, ЕО-мен пікір қайшылықтары бұның бәрі қатаң жағдайда өтіп жатқан сайлау қорытындысына өз ықпалын жасайды деп қарайды.
Батыстық сарапшылардың пікіріне қарағанда, шетелдегі түркиялық сайлаушылар мен елдегі күрдтердің берген дауысы Ердоғанның билікте қалуы немесе кетуін белгілейді деген көзқарастарды ортаға салады. Тіпті кейбір сарапшылар, күрдтерді қолдаған Елдік демократия партиясы парламенттік сайлауда Ердоғанның Әділет және даму партиясын жеңіп шығуы мүмкін.
Түркия үкіметінің күрдтер көбірек қоныстанған аймақта сайлау учаскелерін өзгерту, біріктіру әрекеттері қатаң сынға ұшырады. Анкара тарабы бұны қауіпсіздік үшін жасап жатқандарын, күрд қарулы топтарының шабуыл жасауы мүмкін дегенді айтады. Оппозиция болса, бұл әрекет дауыс беру қорытындысын бұрмалау үшін жасалды деп айыптады.
Бұлардан тыс, үкімет тарабынан террорлық ұйым деп танылған Күрд Жұмысшылар партиясын қолдаған деген айыппен, Елдік демократия партиясының 9 мүшесі қамауға алынды. Олардың бірі – президенттікке кандидат қатарындағы Селахаттин Демирташ. Стамбулда Елдік демократия партиясының жақтастары Демирташты босатуды талап етіп, шеру де өткізді. Болжамға сәйкес, Елдік демократия партиясын сайлаушылардың 10 пайызы қолдаса парламентке өтуі мүмкін.