Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке дүрсе қойды. Үкімет басшысы Алматы әкімі Бауыржан Байбек есеп беріп жатқанда, басқа іспен айналысып отырған министрдің қылығына ашуланып, оған ескерту жасады.
«Ерлан Кенжеғалиұлы, әкімнің сұрағына жауап беріңіз? Сіз оның не айтқанына мүлдем мән беріп отырған жоқсыз! Бұл мәселе қашан шешіледі? Әкімдердің не айтып жатқаны сізге маңызды емес пе? Ол кімге айтып отыр?» - деді, Сағынтаев.
Үкімет басшысының бұл сұрағына білім және ғылым министрі мардымды жауап бере алмады. Ерлан Сағадиев Алматы әкімі Бауыржан Байбек есеп беріп жатқан кезде, 6-шы сынып оқушыларына арналған пәндік оқулықты оқып отырғанын жасырмады.
«Мен «Дүниежүзі тарихы» пәнін оқып отырған едім. Бауыржан Байбектің не айтып жатқанына шыны керек мән бермедім. Алматы әкімі көтерген мәселені жыл соңына дейін шешеміз» - деп, шатып-бұтып жауап берді Сағадиев.
Бүгінгі үкімет отырысында Алматы агломерациясы талқыға салынған еді. Қала басшысы Бауыржан Байбек 2 жылдан бері Алматыда шағын аудандардың сейсмологиялық картасы әзірленіп жатқанын айтқан. Алайда олар жобаны жүзеге асыру үшін білім және ғылым министрлігінің рұқсатын күтіп отыр екен.