Ресми Анкара мен Уашингтонның келісімі бойынша, түрік әскерилері Сүрияның Манбидж қаласына кіргізілген. Бұл туралы Түркияның премьер-министрі Бинал Йылдырым мәлімдеді, - деп хабарлайды "yeniakit.com.tr" агенттігі.

«Бүгін біз Манбиджді күрд жасақтарынан босату мақсатында әскери операцияға кірістік», - деген ол. АҚШ-тың мемлекеттік департаменті де Түркиямен бірге күрд отрядтарын Манбиджден шығару  кестесін дайындағандарын мәлімдеді. Айта кететін жайт, күрд жасақтары 2016 жылдың маусым айында осы ауданды ДАИШ ұйымынан босатқан болатын.

Алайда, бір қызығы Сүрияның Манбидж қаласының әскери кеңес басшысы Мұхаммед Әбу Адил ақпарат құралдарына қалада бірде-бір түрік әскерилері жоқ деп хабарлаған. «Біз Манбидждің әскери кеңес қызметі ретінде халықаралық одақтармен келіссөздер жүргіздік. Оның үстіне, кеше халықаралық одақтар мен түріктер арасында соңғы келіссөздер жасалып, бүгін Түркия тарапынан «Ефрат қалқаны» операциясы қайта басталып кетті. Алайда, Манбиджге әлі жетпеді», - деген Әбу Адиль. Оның сөзінше, түрік бөлімшелері әскери опрерация жасалған аймақ шекарасына орналастырылған болуы мүмкін. Алайда, олардың Манбиджге кіретіндеріне қатысты ешқандай келісімшарт жасалмаған. Оның осы сөзіне орай, ақпарат құралдарына арнайы мәлімдеме жасаған Түркия Сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоглу:  "Ефрат қалқаны" жобасына кіретін аймақтар мен Манбидж аймағы арасына әскерлеріміз кіре бастады. Осыдан кейін ақырындап Манбиджге кіреді. Мақсатымыз — "Күрдтердің халықтық қорғау отрядының" (YPG)" бақылауындағы барлық аймақтан оларды шығара отырып, аймақты тұрақтылықпен қамтамасыз ету", - деді.

Естеріңізге сала кетейік, ресми Анкара мен Уашингтон осы айдың басында Манбиджді қауіпсіздікпен және тұрақтылықпен қамтамасыз етуді үш кезеңмен жүзеге асыруға келіскен еді. Осыған байланысты, алғашқы кезеңде күрд жасақтарын Манбиджден шығарылу жоспарланған. Екінші кезеңде қала 45 күн бойынша бақылауға алынады. Үшінші кезеңде жергілікті билік құрылады.

 “The Qazaq Times”