Қытайдың Чиндау қаласында 9-10 маусым күндері өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының мәжілісіне орай, ұйымға мүше елдердің басшылары Қытайға сапарлай барды. Мәжілістен бұрын және кейін Қытай басшысымен жекелеген кездесулер болды. Соның арасында Ресей президенті Владимир Путин мен ҚХР төрағасы Ши Жинпиңнің кездесуі жұрт назарын өзіне көбірек аударды.
Қытай басылымдары мен ресми телеарналары таратқан хабарына қарағанда, оңаша кездескен екі лидер Қытай мен Ресейдің кең көлемдегі ынтымақтастығы жөнінде ақылдасқан. Әсіресе, Қытай басшысы екі елдің халықаралық мәселелерде қою қарым-қатынас бірлігін орнату керек екенін, ал өзінің бұл үшін Мәскеумен бірлесе жұмыс жасауға дайын екенін көбірек ортаға қойған.
Бұл рет ШЫҰ мәжілісіне барған мүше елдердің лидерлері арасында Ши Жинпиңнің айрықша ілтипаты мен қонақжайлығын Ресей президенті көрді. Екеу ара кездесулер ресми және бейресми жағдайларда да өткізілді. «Ала қойды бөле қырққан» мұндай саяси ойындар, Қытайдың аталмыш ұйымдағы тағы бір алпауыт елді сөзіне көндіруге тырысу әрекетіне көбірек ұқсады.
Үндістан мен Тайуан (Тайвань) басылымдары Қытай басшысының бұл әрекетіне екі жақты баға берді. Айталық, біріншіден Путинге көрсетілген айрықша құрмет Қытай басшысының ел ішіндегі және ұйымдағы беделін арттыра түссе, екіншіден, Оңтүстік Қытай теңізі, Солтүстік Корея мәселесі, Иран ядролық мәселесі, Үндістан-Қытай қарым-қатынасы, АҚШ-Қытай қайшылығы мәселесінде сыртқы елдерге деген дөң айбат көрсетуі деп бағалаған.
Хабарға қарағанда Ресей мен Қытай басшысының оңаша кездесуінде, Корей түбегі және Иран ядролық мәселелері де сөз болған. Бұл екі мәселеде де Қытай мен Ресейдің үлес салмағы бар. Қытай-Ресей арасында пікір бірлігіне келіп жатса, аталған мәселелерге қатысы бар өзге тараптар үшін үлкен қарсы күш болатыны анық.