Австрия үкіметі өзге мемлекеттер тарапынан қаржыландырылатын мешіттерді жауып, имамдарды ел территориясынан кетіруге шешім шығарған. Аталған шешімге сәйкес, «Австриядағы мәдени және әлеуметтік ынтымақтастық аясындағы түрік-ислам одағы» қолдау көрсететін мешіттер мен құрылымдар да жұмысын тоқтатады. Бұл туралы Евроньюс агенттігінің «fr.euronews.com» француз қызметі хабарлайды.  

Аталған одақ құрамында 60 қауым мен 100 мыңнан астам адам бар көрінеді. Австрия билігі осы құрылымдар мен оның мүшелеріне "түрік ұлтшылдығын таратуда" деген кінә артады. "Ел астанасында орналасқан «Көк бөрі» деп аталатын мешіттен бастап, осы бағыттағы барлық мешітті жабуды қолға аламыз", - деп хабарлаған үкіметтік ұйым. Австрия канцлері Себастьян Курц осы шешімдердің Австрияның Ислам Діни Қауімдастығымен ақылдасып жасалып жатқанын мәлімдеген.

Австрия Ішкі істер министрі Герберт Кикла да: "Осы әрекеттер "Австриядағы қандай да бір ұйымдар мен құрылымдардың шет елдер тарапынан қаржыландырылуына тыйым салынуы" туралы заң негізінде жүзеге асырылуда", - деп хабарлаған.

Еске салайық, 2017 жылы «Австриядағы мәдени және әлеуметтік ынтымақтастық аясындағы түрік-ислам одағы» австриялық үкімет тарапынан қатал сынға ұшыраған еді. Мәселенің ушығуына мұсылмандардың балабақшалары себеп болды. Австрия СІМ «осы балабақшалар Австрияның салт-дәстүрлерінің орнына ислам құндылықтарын таратумен айналысады», деп мәлімдеген еді.

Түркия тарапы бұған не дейді?

Сарапшылар істің ақ-қарасының әлі анықталатынын айтып, Австрия үкіметінің дәл осы қасиетті Рамазан айында мешіттердің жұмысын тоқтатуы негізсіз болды деген пікірде. Ал, түркиялық «timeturk.com» ақпарат құралы Түркия билігінің Австрия үкіметінің «түрік ұлтшылдығын таратуда» деген айыптауына байланысты одан нақты дәлел мен мәлімдеме күтетінін хабарлады.

Сондай-ақ, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның ресми өкілі Ибрагим Калын Австрия билігінің осы шешімін «исламофобия мен нәсілшілдік» деп атады. «Мешіттерді жабу — Австриядағы нәсілшілдік пен кемсітушіліктің көрінісі. Әрі, ислам дініне деген қарсылықтың  нәтижесі. Австрия үкіметінің осы шешімді қабылдаудағы басты көздегені — саяси пайдаға қол жеткізу үшін мұсылман жамағаттарын маргиналдандыру», - деді И.Калын.

“The Qazaq Times”