1 ақпан күні Нидерланд Сыртқы істер министрлігінде «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысатын голландықтарға арналған ресми сайттың тұсаукесері өткізілді. Интернет-құрал Нидерландтың сауда және инвестициялар ұлттық агенттігінің электронды порталы негізінде құрылды. Бұл туралы СІМ-нің ресми сайтында хабарланды.

Сайтта алғаш рет Нидерландтың баламалы энергетика саласында жетекші технологиялар мен инновациядағы жетістіктерін бейнелейтін «ЭКСПО-2017» логотипі және «Low Land, High Energy» ұраны жария етілді.

Интернет қолданушыларға «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Нидерландтың ұлттық павильоны туралы ақпарат, көрмеге қатысушылар мен қонақтарға электрондық түрде тапсырыс беру мүмкіндігі қарастырылған іс-шаралар бағдарламасы және Қазақстандағы пайдалы сілтемелер ұсынылған.

«Қазақстанда бизнес жүргізу» бөлімінде Астанада өтетін көрме голланд бизнес-өкілдеріне, баламалы энергетика, ауыл шаруашылығы, жасыл технолгиялар мен инновация салаларында іскерлік байланыстарды кеңінен орнатуға мүмкіндік беретіні айрықша белгіленген. Оған қоса, сайтта 2017 ж. маусым-қыркүйек аралығында өтетін сауда миссиялары туралы ақпаратты орналастыру жоспарланған.

Ерекше назар «болашақ жаңашылдар буыны» ретінде студенттермен жұмысқа аударылмақ. Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесінде Нидерланд делегациясы голланд және қазақстандық студенттер арасындағы біліммен алмасуға бағытталған «Innovation Challenge» акциясын ұйымдастыруды жоспарлауда.

Ресми сайттың ашылуы қарсаңында Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі Мағжан Ілиясовтың Нидерландтың ЭКСПО-дағы ұлттық комиссары Ханс Дриссермен кездесуі орын алды. Келіссөздер аясында тараптар Нидерландтың Астанадағы халықаралық көрмеге дайындық барысы сұрақтары, сондай-ақ 2017 ж. 22-23 ақпанда Астанада өтетін ЭКСПО көрмесінің халықаралық комиссарлары жиналысына жоспарланған голланд делегациясының сапары мәселелері талқыланды.

«ЭКСПО-2017» арналған арнайы сайттың Нидерландыда ашылуы - Астанада өтетін көрмеге қатысушылар мен қонақтарды кеңінен тартуда тиімді құрал болатыны белгіленіп өтті. Сайтты келесі сілтеме арқылы ашуға болады www.hollandtradeandinvest.com/events/contents/expo-astana-2017

“The Qazaq Times”