БҰҰ-на қарасты Халықаралық Рахымшылық Ұйымы (Amnesty International) Мяньмарда әрекет етуші «Рохинджаны құтқарушы Аракан әскерінің» (ARSA) қарулы тобының 2017 жылдың тамыз айында ұйымдастырған қақтығыс кезінде 100-ге жуық үнді азаматын өлтіргенін мәлімдеді. Бұл туралы халықаралық «20minutes.fr» ақпарат агенттігі хабарлайды.
Рахымшылық ұйымы, Бангладештегі босқындар мен Аракан штатындағы тұрғындармен әңгімелесу барысында қолда еткен мәліметтерден жинақталған баяндама ұсынды. Баяндамада «Рохинджаны құтқарушы Аракан әскерінің» 2017 жылы ұйымдастырған қақтығыс кезінде бейбіт тұрғындарға да шабуыл жасағаны анықталды деп хабарланды.
Айта кету керек, өткен жылы аталған топ бұдан бұрын да жасаған қақтығыс әрекеттерін қайталап, 20-дан астам полицей бөлімшесіне шабуыл жасаған еді. Сол шабуыл әрекеттерінің артынша орын алған Мяньмар әскері тарапынан жасалған операцияларда аракандық жүздеген мұсылман қаза тауып, шамамен 700 мың адам Бангладешке бас сауғалаған еді. Халықаралық рахымшылық ұйымы өз мәлімдемесі арқылы «Осы айуани әрекетте «Рохинджаны құтқарушы Аракан әскері» қарулы тобының мүшелері 20 ер адам, 10 әйел және 23 баланы өлтірді деп айыптап отыр. Әрі қолдарында осы айыптауларын дәлелдейтін құжаттар да бар екенін алға тартуда. Ұйымның мәліметінде, қарулы топтың дәл осы күні көрші елдімекенде де шабуыл ұйымдастырып, барлығы 99 адамның өліміне себеп болғаны айтылды.
Негізінде, Мяньмар мұсылмандарына қатысты даулы мәселенің бас көтергені бір бұл емес. Бұдан бұрын да, мұсылмандардың жаппай қуғын-сүргінге ұшырап немесе жазықсыз қысастық көріп жатқандарын жазған едік. Халықаралық рахымшылық ұйымы өзінің осы мәлімдемесін жасай отырып, ендігі жерде бұл мәселеге қатысты нақты қорытынды шығаруға тырысатындарын да хабарлады.
Ал, өздерінің құрылу мақсатын «Аракандықтарды мемлекеттің зұлымдық әрекеттерінен қорғау және құтқару» ретінде таныстырған «Рохинджаны құтқарушы Аракан әскері» қарулы тобы Халықаралық рахымшылық ұйымының бұл мәлімдемесін жоққа шығаруда.