Қытай билігі бала санына шектеуді алып тастамақ – деп хабарлайды Bloomberg басылымы.
Bloomberg мәліметінше, Қытай билігі 2018 жылдың соңына дейін «бір отбасы – бір бала» бағдарламасының күшін жойып, бала санын шектеуді тоқтатпақ. Ресми Бейжің осы қадамы арқылы Қытай халқының қартаю процессін азайтуды көздеуде.
Қытай билігі «бір отбасы – бір бала» бағдарламасын 1979 жылы енгізген. Ел билігі бұндай қадамға халық санының артуы салдарынан болатын әлеуметтік дүмпулердің алын алу үшін барған. Ресми Бейжіңнің жоспары бойынша, 2000 жылы ел халқы 1,2 миллиард адамнан аспауы тиіс болған. 2000 жылы жүргізілген санақта ел халқының саны ресми Бейжің жоспарлаған межеден 42,5 миллион адамға асып кеткен.
Қытай билігінің «бір отбасы – бір бала» бағдарламасы гендерлік дисбалансқа алып келіп соққан. Себебі қытайлықтардың басым көпшілігі ұрпағын жалғастыру мақсатында қыз балаға емес ұл балаға көбірек көңіл бөлген. Қазіргі таңда Қытайда ер балалар қыздарға қарағанда 20 миллионға көп. Халықаралық ұйымдардың болжамы бойынша, 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 24 миллионға жетуі мүмкін.
Бұған дейін Қытай билігі 2015 жылы Қытай Коммунистік партиясының ХVIII құрылтайында отбасыларға екі бала дүниеге алып келуге рұқсат беретін заң қабылдаған. Бұл заң 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген. Қытай билігінің жоспары бойынша, 2050 жылы жұмысқа қабілетті қытайлықтардың саны 30 миллион адамға өсуі тиіс. Жалпы, Халықаралық ұйымдар Қытай халқының саны 2029 жылға қарай 1,45 миллиард адамға жетеді деп болжауда.