Былтыр ғана «Славянский базарда» топ жарған Димаш Құдайберген Қытайдың Hunan tv ұйымдастырған «Мен әншімін» байқауының екі турында үздік шықты. Бірнеше аптадан бері күллі қазақ жұртының аузында — Димаш. Ал оның Қытайдағы дақпырты тіпті сұмдық. Ол туралы түсірілген әзіл-қойылымның қаралымы 300 миллионға (!) жетті. Сұхбат aktobegazeti.kz-тен алынды.
Екінші турға Димаштың әкесі Қанат Айтбаев та қатысып қайтты. Біз Қанатпен әңгімелескен едік.
— Қанат, әуелі Димаш қатысып жатқан жоба туралы әңгімелессек. Бұл қандай жоба, оған кімдер қатысады?
— Бұл — Hunan tv жобасы. Hunan tv — аймақтық телевидение. Дегенмен Қытайда барлық БАҚ-қа тең мүмкіндік берілгендіктен, бұл телевидениенің атағы өңірден асып, еліндегі ең үздіктердің қатарына енген. Тіпті оны шетелдіктер де қарайды екен. 7,5 миллион халық тұратын Хунан аймағының орталығы Чанша Қытай ұғымында шағын қала саналады.
Ал «Мен әншімін» халықаралық жобасының дүниеге келгеніне 5 жыл толыпты. Оған қатысу да оңай емес. Ол үшін әнші міндетті түрде бірнеше халықаралық байқаудың жеңімпазы болуы керек. Екіншіден, оның әлеуметтік желілерде орналастырылған әндерінің қаралымы миллионнан (!) кем болмауы тиіс. Кәсіби шеберлігі, интеллектуалдық деңгейі де сынға түседі. Міне, осы талаптарға сай келген әнші ғана қатыса алады.
— Димашты олар өздері шақыртты ма?
— Ұсыныс біздің тарапымыздан болды. Әлгі талаптардың үдесінен шығып, бірнеше іріктеу кезеңінен өткесін ғана конкурсқа қабылдандық. Әрине, бұнда Димаштың былтырғы «Славянский базардың» жеңімпазы болғанының да әсері болды. Сонда айтқан әндерінің қаралымы да көп болды ғой.
— Алғашқы екі турда Димаш жеңімпаз атанды. Жалпы бұл байқаудың әншінің деңгейін бағалау жүйесі қандай әдіспен жүргізіледі?
— Дауыс беру үш деңгейде жүргізіледі. Әуелі халық арасында анкеталық сауал жүргізіледі. Оның арасынан жас шамасы әртүрлі, музыкалық сауаты бар, әртүрлі мамандыққа ие 500 адам іріктеліп, конкурсқа көрермен ретінде жіберіледі. Яғни бұлар — дауыс беретін сарапшылар. Олардың қолына бюллетень беріледі. Әр көрерменнің 3 адамға дауыс беруге құқы бар. Екіншіден, залда кәсіби сарапшылар — он шақты музыка маманы бар. Олар да әбден іріктелген, осы саланы ұңғыл-шұңғылына дейін білетін адамдар. Үшіншіден, әншінің де өзінің қарсыластарына дауыс беруге мүмкіндігі бар. Тек өзіне дауыс бере алмайды.
Осы арада бір айрықша айта кететін нәрсе бар. Бір қойылымға қатысқан әлгі 500 сарапшы көрермен келесі концертке жіберілмейді. Өйткені ұйымдастырушылардың пікірінше, олар бір әншіге «бауыр басып» қалуы мүмкін.
— Димаш бірінші турда марқұм Грегори Лемаршальдың, екінші турда Витастың репертуарындағы әндерді орындады. Музыка мамандарының да, көрермендердің де пайымынша, екеуінен де асып түсті. Үшінші турда қандай ән орындайды?
— Queen тобының репертуарынан «The show must go on» әнін шырқайды.
— Айтпақшы, әр турда айтылатын ән қалай таңдалады?
— Оны ұйымдастырушылар таңдайды. Бір тур біткеннен кейін келесі турда айтылатын ән хабарланады. Оның қай тілде, қандай әншінің репертуарындағы ән екенін соған дейін қатысушы білмейді. Әр әншіге бекітілген адамдар бар. Солар бүкіл ұйымдастыру шаруаларымен айналысады. Әнші бір апта ішінде сол әнді оркестрмен айтуға әзір болуы керек.
— Тым тығыз емес пе?
— Тығыз, әрине. Бірақ байқаудың шарты солай. Сегіз әнші бақ сынап жатыр. Әр турдан кейін ең төмен балл алып қалған бір әнші шығып қалып, оның орнына басқа адам қосылады.
— Оркестр әннің әрлеуін өздері жасай ма? Мысалы, әр әншінің өзінің дауыс диапазонын көрсететін мүмкіндігі әрқалай ғой?
— Оны біз жасап, оркестрге ұсынамыз. Қазақстанда, сосын Қытайда бірнеше адам осы мәселемен айналысып отыр. Барынша үлгеріп жатырмыз.
— Димаштың киім кию, шаш қою стиліне сын айтқандар болды…
— Оның бәрі түсінбестіктен туған әңгімелер. Бұл — шоу. Байқаудың шарты бойынша әрбір әнші айтқан әнімен бір образды шығаруы керек. Соған сай киім киіп, соған сай бет-жүзін әрлейді.
— Екінші турдағы ең әсерлі сәт Димаш ән айтып болған сәтте дикторлардың «Залда Димаштың әкесі отыр…» деп хабарлап, әкелі-балалы екеуіңнің құшақтасқан шақтарың болды. Димаш сені көріп, жүрегі жарылардай боп қуанды…
— Өйткені ол мені сол кезде ғана көрді ғой…
— Қалайша?
— Бұл да — ұйымдастырушылар жасаған «тосынсый». Қытайға келгенімнен Димаш мүлде хабарсыз болды. Телевизиялық топ менен онымен концертке дейін кездеспеуімді өтінді. Бірақ мен оның дайындығын сырттай бақылап жүрдім. Бірде екінші қабатта тұрып тыңдадым, тағы бірде бөлек бөлмеде монитор арқылы қарадым. Тура концерт болатын сәтте залда орнымның даяр екенін айтты, бірақ отыруға менің дәтім бармады. Аяқ астынан залдағы мені көрсе, Димаш толқып кетіп, әннің ырғағынан айырылып қалар деп қорықтым. Сондықтан да оған көрінбейтін жерде тұрып, тыңдадым. Ән айтып біткенде ғана сахнаға ұмтылдым…
— Жалпы байқауға қатысып жатқан әншілерге қойылатын басқа қандай талаптар бар?
— Әнші конкурстың шарттарын толық орындауы тиіс. Ештеңеге алаңдамай, әнді бойына сіңіруі, соған дайындалуы керек. Қалған шаруаның бәрін қасындағы бекітілген адамдар істейді. Біз тек тамақ жағына қатысты ұсыныс енгіздік. Бәрі мұсылманша болсын деген өтінішімізді айттық. Ол толық орындалып жатыр.
— Әлеуметтік желіде «Витас Димаштың үстінен арызданып жатыр…» деген әңгіме бұрқ ете қалды…
— Бұл — Hunan tv мен Витастың арасындағы шаруа. Біздің қатысымыз жоқ.
— Байқау барысында Димаштың қазақша да ән айтуы мүмкін бе?
— Мүмкін. Әннің қай тілде екеніне шектеу жоқ. Бірақ орындалатын шығарманың әуенінің танымалдығы, күрделілігіне сәйкес оны ұйымдастырушылар шешеді. Біз өз тарапымыздан бірнеше қазақша ән ұсынып қойдық.
— Байқауды халықаралық етіп тұрған Димаш қана деген әңгіме бар.
— Бұл додаға Канададан, Малайзиядан, Гонконгтан да қатысып жатқан сайыскерлер бар. Сонымен қатар байқаудан шығып қалған қатысушылар орны толығып отырады. Мысалы, келесі турлардың біріне англиялық танымал әншілердің бірі қатысуы мүмкін.
— Жалпы байқаудың жеңімпазы қалай анықталады?
— (Күліп) Оны сәуірде көреміз. Бұрын жеңімпаз атанған оңтүстіккореялық әнші екі турда үздік шығыпты. Басқа да критерийлер бар ғой, соның бәрін есептей отырып, анықталатын болар.
— Күллі қазақ Димаштың тілеуін тілеп отыр…
— Иә, оны айқын сезіндік. Қаншама тілектер айтылып, өлеңдер арналып жатыр. Республиканың түкпір-түкпірінен хабарласқандарда есеп жоқ. Ақтөбеліктердің қуанышы тіпті бөлек. Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаев Димаштың әрбір қадамына табыс тілеп, мейлінше қолдау көрсетіп отыр. Алғысымыз шексіз!
P.S. XX ғасырда Жұбановтар әулеті туған топырақтың даңқын XXI ғасырда Айтбаевтар әулеті жаңғыртты! Алла жар болғай!
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ
«The Qazaq Times»