Арменияның оппозиция басшысы Никол Пашинянды қолдаған он мыңдаған халық оның азаматтық бағынбаушылық таныту туралы үндеуін қабыл алып, орталық көшелер мен мемлекеттік мекемелердің алдын бөгеу акциясына қатысты. Парламент отырысында Арменияның Премьер-министрі болып сайлануға қажетті 53 дауыстың тек 45-ін жинап, билеуші Республикалық партияның шешімін «халықты қорлау» деп атаған Никол Пашинян елді жаппай қарсылық білдіруге шақырған болатын. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
Бүгін Ереванда бейбіт сипаттағы халықтық қарсылық есебінен орталық көшелер мен әуежайға барар жол жабылды. Арменияның Қорғаныс министрлігі халықтан қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әскери техниканың қозғалысына кедергі жасамауды сұрады. Ереванда метро жабылып, темір жол қозғалысында қиындықтар туындады. Арменияның Ванадзор қаласында халық жергілікті мэрияға кіретін жолдарды бөгеген.
Никол Пашинян Парламенттегі барлық оппозициялық фракциялардың қолдауына ие болғанымен, Премьер-министр қызметіне кандидатурасы қабылдануы үшін қажетті билеуші коалиция мүшелерінің даусына қол жеткізе алмады. Армения Республикалық партиясының мүшесі Арман Сагателян «Пашинян мырза, сіз жақсы Парламент мүшесісіз, бірақ Премьер-министр болуға біліктілігіңіз жетпейді», - деді. Өз кезегінде Пашинян Республикалық партия мүшелеріне: «Сіздердің халықтың толеранттылығын әлсіздік деп қабылдауларыңыздың соңы үлкен дауылға әкеп соғуы мүмкін» деген ескерту жасады. Әдеттегі әскери жейдесін ресми киім үлгісіне ауыстырған оппозиция көшбасшысы өзін қолдаушы халықты автомобиль, темір жолдары мен әуежайда бөгет орнатып, қарсылық білдіруге шақырды. Әл-Жазира ақпараттық агенттігі «Ол осы арқылы Парламентті өзін Премьер-министр етіп сайлауға мәжбүрлегісі келеді» деп жазды. Дегенмен Никол Пашинян ВВС-ге берген сұхбатында бұл наразылық акциялары оның Премьер-министр болуы үшін емес, халықтың құқығы қорғалуы мақсатында ұйымдастырылып отырғанын жеткізген.
Никол Пашинян ағымдағы жылдың сәуір айында Арменияның бұрынғы Президенті Серж Саргсянның қызметін ары қарай Парламенттік басқару жүйесіне жаңадан өткен елдің Премьер-министрі есебінде жалғастыруына қарсы көтерілістердің басшысы болды. Армения зерттеулер институтының өкілі Сюзанна Петросян Конституция бойынша Парламент 7 күн ішінде жаңа Премьер-министрді таңдай алатынын айтады.
Ресейлік ТАСС Никол Пашинянның Премьер-министр қызметіне қайта үміткер болып қатысатынын хабарлады. Ақпараттық агенттік оппозиция басшысының ресми өкілі Тигран Авинянға сілтеме жасап, Никол Пашинянның 8 мамырда өтетін Парламент отырысында бұрынғы бағдарламасын тағы таныстыратынын жеткізген. Авинянның айтуынша, Армения Республикалық партиясының Пашинянның бағдарламасына түзетулер енгізуін талап еткеніне қарамастан, оппозиция басшысы өз бағдарламасын өзгеріссіз қалдыруға ниетті. Бұл туралы Никол Пашинян «Біз тек халықтың талаптарын ғана ескереміз. Талап ете алатын жалғыз заңды билік - халық» деген мәлімдеме жасаған.