АҚШ жергілікті уақытымен сейсенбі күні (23 сәуір) АҚШ президенті Дональд Трамп еліне сапарлай келген Франция президенті Эммануэль Макронды қарсы алды. Кездесуден кейін Ақ үй Франция басшысына арналған қонағасы өткізді. Бұл туралы VOA басылымы хабарлады.
Франция президентін қарсы алу салтанатты шарасында Құрама Штаттың 500-ге жуық құрмет қарауылы болды. Оған қоса салтанатты қонақасы кезінде Уашингтонның (Вашингтон) Мемлекеттік симфониялық оркестрі өнер көрсетті.
Екі елдің басшылары арасындағы кездесуде жаһандық өзекті тақырыптар талқыға салынуы мүмкін деп күтілген. Айталық, Сүриядағы қақтығыстарды шешу, Иран ядролық мәселесін біржайлы ету, оған қоса сауда-саттық тақырыптары да ортаға салынбақ.
Президент Трамп Макронмен кездесуде екі елдің достығы, жеке қарым-қатынастарының берік екенін, сондай-ақ, Макронның Құрама Штат сапары өзі Ақ үй төріне отырғалы бері алғаш рет шетелдік лидердің мемлекеттік сапары екенін атап өтті.
Хабарларға қарағанда, Макрон Ақ үйдегі кездесуде Трампты 6 ел қол қойған, Иран ядролық келісімінен бас тартпауға шақырмақ. Осыған дейін Трамп бұл келісімді «ең нашар келісімдердің бірі» деп бағалап келген болатын. Бұған қоса Макрон АҚШ-тың Сүрия жеріндегі әскерін сақтап тұруы керек екенін ортаға салмақ.
12 мамырда Трамп Иран ядролық келісімімен байланысты сол елге бағытталған санкцияны қайта іске қосу, әлде күшінен қалдыру туралы шешім қабылдайды. Иран үкіметі болса, санкцияларды қайта қалпына келтіру келісімді күшінен қалдырумен бірдей болып, ол Иранның ядролық бағдарламасын қайта қолға алуына итермелейтінін айтқан.