Кеше АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ пен Ресей арасындағы дипломатиялық жағдайға байланысты өз пікірін жария етті. Ол АҚШ-Ресей қатынасы тарихтағы ең төменгі деңгейге жеткенін, тіпті екі елдің қазіргі байланысы «Қырғи қабақ соғыс жылдарындағы» деңгейден де төмен екенін айтты. Бұл туралы WSJ басылымының ресми сайты жазды.
АҚШ президенті өзінің Твиттер парақшасында Сүриядағы химиялық шабуылға жауап ретінде зымыран шабуылын жасайтынын мәлімдеген еді. Бұл мәлімдемеден кейін Сүрия мен Ресей тарабы кірпідей жиырылды. Ресей осыған дейін Сүрия жеріндегі ресейлік күштерге зымыран шабуылы жасалса қарсы шабуыл жасайтынын ескертіп келген. Бұл жолы Сүрия жеріне жасалған шабуылдың кез-келгені жауапсыз қалмайтынын мәлімдеді.
Бұл туралы президент Трамп: «Ресей Сүрия жеріне түскен кез-келген зымыранға қарсы тұратынын мәлімдеп отыр. Онда Ресей дұрыстап дайындалып алсын, олар көп ұзамай барады...», – деді. Трамп оған қоса Мәскеудің Башар Асадқа қолдау көрсеткеніне наразылық білдіре келіп: «Сіздерге улы газды қолданатын жануармен ымыраласпау керек еді. Ол өз халқын қырып-жойып келеді», – деді.
Сүрия мәселесі мен химиялық шабуыл АҚШ пен Ресей арасында онсызда сетінеп тұрған қатынасты тіпті де нашарлатты. Сүриядағы Ресей қарулы күштері соғыс дайындығына өтсе, АҚШ тарабы абыр-сабыр күйге түсті. Дегенмен, Бүгін Ақ үй тарабы зымыран шабуылдары туралы соңғы шешім қабылданбағанын мәлімдеді.