«Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, 2017 жылы әлемдегі табиғи апаттардың салдарынан қаза тапқандардың саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда азырақ болған. Алайда, керісінше сол апаттардың материалдық шығындары өте көп көрінеді.
Өткен жылы су тасқындары мен дауылдар, көшкіндер мен басқа да табиғи апаттардың кесірінен 9 503 адам қаза тапқан. Лувен университетінің эпидемиологиялық апаттарды зерттеу орталығының (CRED) 9 сәуірде жариялаған мәліметінше, бұл көрсеткіш 2007 және 2016 жылдарға қарағанда елеулі түрде аз. Мәселен, 2010 жылы Гаитида болған жер сілкінісі кезінде 225,5 мың адам көз жұмған. 2008 жылғы Мьянмадағы циклон 138, 4 мың адамның өмірін жалмаған.
2017 жылғы табиғи апаттардың көпшілігі Азияда орын алыпты — 136 (әлемдегі барлық апаттың 43%-ы) апат. Олардың 25-і Қытайда орын алған, ал онда 15 млн. адам жарақаттанған. Үндістандағы 15 табиғи апаттың салдарынан 2,3 мың адам ажал құшқан. Сонымен қатар, 22,5 млн. адам зиян шеккен.
2017 жылы орын алған табиғи апат салдарынан қаза тапқандардың саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда төмен дегенмен де, бұл жыл материалдық шығындары бойынша 1900 жылдан кейінгі екінші орында екен. CRED зерттеушілері 96 млн. адам жапа шеккен барлығы 315 табиғи апаттан үш дауылды ерекше атаған. Олар — «Харви», «Ирма» және «Мария». 2017 жылдың тамыз және қыркүйек айларында Кариб хауызымен АҚШ жағалауына дейін жеткен. Олардың кесірінен болған шығын $95 млрд., $66 млрд. және $69 млрд. -қа бағаланған. Ал жалпы, 2017 жылғы табиғи апаттар салдарынан болған шығын көлемі $314 млрд құрайды екен.