Осы апта Тайуанда (Тайвань) қауырт сайлау дайындығы өтуде. Бірақ, Тайбей (Тайбэй) тарабы Қытайдың әлеуметтік медиа арқылы сайлау нәтижесіне әсер етуінен алаңдап отыр. Тайуанның бұлай алаңдауы негізссіз емес. Тайуанның президент сайлауы жақындаған сайын, қазіргі президент Цай Иыңвын ханымды айыптаған видео жолдамалар көбейіп кеткен.

Тайуан президент сайлауы туралы саяси болжамдардың басым көбі қазіргі президент Цай ханымның жеңіп шығуы мүмкін деп көрсетеді. Президент Цайдың Тайуан дербестігі туралы ұстанымы сайлаушылар жағынан көбірек қолдау тауып тұр. Онсыз да Цай Иыңвын билігін тұсында Тайуанның дербестікке көбірек ұмтылғаны былайғы жұртқа белгілі. Осыған байланысты, коммунистік Қытай билігі Тайуандағы демократиялық сайлау нәтижесін бұрмалауға күш салуы да мұнда тұр. Себебі, Ресми Бейжің Тайуанды өзінің бір провинциясы ретінде көрсетеді және шет мемлекеттердің Тайуанмен тікелей дипломатиялық қарым-қатынас орнатуына қарсы.

Жақында YouTube желісінде президент Цайды айыптаған видео жазбалар көбейген. Соның қатарында бір блогер Тайуан акцентіндегі қытай тілінде Цай Иыңвынды сатқын ретінде айыптайды. Ол «Тайуан сынды сүйікті жерімізді АҚШ пен Жапонияға сатып жіберді» деп айыптап, оны «саяси қуыршақ» деп көрсетеді. Блогер өзін коммунистік партиямен еш қатысы жоқ, тайуандық патриот ретінде көрсетуге тырысады. Алайда, бұндай үндеулердің көбейіп кетуі күмән туғызбай қоймайды. Онсыз да коммунистік Қытай билігінің миллиондаған блогерлерді жалдап ел ішіндегі және шетелдегі әлеуметтік пікірге ықпал етуге күш салатын әрекеттері бұған дейін де белгілі.

Тайуан президент журналистерге жасаған мәлімдемесінде Бейжің билігінің Тайуандағы сайлауға араласып отырғанын айыптады және Қытай билігінің Тайуан туралы ұстанымын тағы бір рет сынға алды. Кеше АҚШ Мем. департаменті өткізген брифингте де Тайуанның президент сайлауы туралы сөз болды. Онда АҚШ тарабы нәтижесінің қалай болғанына қарамастан Тайуанның демократиялық сайлауының әділ әрі ашық өтуін қадағалайтынын, демократиялық таңдауға қолдау көрсететінін жеткізген.

“The Qazaq Times”