Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Ун (Kim Jong Un/Ким Чен Ын) Қытай басшысымен кездесу кезінде, Корей түбегінің ядролық қарусыздану ісін жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізген еді. Бірқатар сарапшылар бұл туралы: «Ким Жоң Ун Корей түбегін ядролық қарусыздануы туралы көзқарасы Уашингтонның (Вашингтон) ойымен бірдей шықпауы мүмкін», – деген көзқарас білдірді. Бұл туралы VOA ақпараттық сайты хабарлады.
Қытайдың ресми ақпарат агенттігі «Шинхуаның» хабарына қарағанда, Ким Жоң Ун Қытайдағы сапарында түбектің ядролық қарусыздануын қолдайтынын ашық білдірген. «Шинхуаның» бұл хабары Оңтүстік Корея қауіпсіздік кеңесшісінің 8 наурыз күні Уашингтонда берген мәліметімен сәйкес келеді. Ол Уашингтон сапарынан бұрын Солтүстік Кореяға сапарлай барып, Ким Жоң Унмен кездескен еді.
Ким Жоң Ун мен бетпе-бет кездесуге келісім берген Трамп, оның Қытай басшысымен кездесуіне оң баға берді. Ол Ши Жинпиң мен Ким Жоң Унның кездесуін «алдағы кездесуге үлкен жол ашты» деп бағалаған.
Дегенмен, кейбір сарапшылардың пікіріне қарағанда, істің дамуы мұндай қарапайым, әрі жағымды бола қоюы екі талай. Сарапшылар Ким Жоң Унның бұл жасап жатқан қадамдары Құрама Штаттың Солтүстік Кореяны ядролық қарусыздандыру үшін жасайтын әрекеттерін қиындата түсуі мүмкін деп қарайды. Айталық, Ким Жоң Ун «ядролық қарусыздандыру процесін «бірте-бірте» ілгерілетіп, сол арқылы АҚШ-тың Солтүстік Кореяның бұл оңды қадамына қарсы «синхронды шаралар» қабылдауын күтуде. Бұл оның АҚШ пен Оңтүстік Кореяға қаратқан шарты деуге болады.
Демек, Солтүстік Корея АҚШ пен Оңтүстік Корея ойлағандай бірден ядролық қаруынан бас тарта қоймайды. Керісінше, оны кезеңдерге бөліп, бірте-бірте жүзеге асыруға тырысады. Әрі ол әрбір қадамында қарсы тарабынан үлкен қарымжы күтеді деп қорытындылауға болады.
Солтүстік Кореяның қандай нақты қадамдар арқылы түбектің ядролық қарусыздануын жүзеге асыратыны сәуірдің соңғы күндері белгілі болады. Екі Корея сәуірдің 27 күні, екі ел шекарасында жоғары деңгейдегі үкіметтік кездесу өткізуге уағдаласып отыр.