Германиялық екі партия арасындағы Ислам дініне қатысты пікірталас неміс қоғамын екіге бөлді. "Ислам Германияға жат" деген сөздері арқылы қоғамды екіге бөлген Германия Ішкі істер министрі Хорст Зеехофердің қараптан-қарап неге мұндай пікір айтқаны әлі талқылануда.
Жуырда, яғни 14 наурызда канцлер Меркель мен министрлер кабинетінің өз қызметтеріне кіріскендері белгілі. Осындай саяси өзгерістер кезінде Баварияның премьер-министрі қызметін тастап, Ішкі істер министрі ретінде Берлинге келген Зеехофер, 15 наурыз күні "Bild" басылымына берген сұхбатында "Ислам Германияға жат" деп, елді дүрліктірген еді.
"Бір қадам да кері шегінбеймін"
Зеехофердің бұл сөзіне Меркель дереу жауап қайтарды. "Германияда мұсылмандарға да, олардың діні Исламға да орын бар" , - деген Меркел бұнымен шектелмеді, 21 наурыздағы Үкіметтік отырысында аталған даулы пікірге қатысты мәселені қайтадан күн тәртібіне шығарып, тағы да "Ислам Германияға жат емес" , - деп, шегеледі. Оның министрлер отырысында осы мәселені қайта қозғағанына ашуланған Зеехофер, "Ислам Германияға жат" деген саяси ұстанымымнан бір қадам да кері шегінбеймін", - деп, алған бетінен қайтпайтынын көрсетті. Екі партия басшысы арасында тұтанған бұл тартыс туралы неміс ақпарат құралдарында өте көп жазылып, Германия қоғамы "Меркельді құптаушылар" және "Зеехоферді жақтаушылар" болып екіге бөлінді.
Аталған даулы пікірге Германияның Экономика министрі Петер Альтмайер мен Соцал-Демократиялық Партиясы басшысының орынбасары Малу Дрейер де бейтарап қалмады. Альтмайер " Passauer Neue Presse " басылымына берген сұхбатында: "Өте ауыр шарттарда жұмыс істегендеріне қарамастан, күн сайын таңертең жұмысына асығып тұратын мұсылман- келімсектер біздің қоғамның бір бөлшегіне айналды. Олар сонымен қатар, Германия экономикасының дамуына да үлес қосуда" , - деді. Көптеген мұсылмандардың ұзақ уақыттан бері, елдің ішкі заңына бағынып, бейбіт түрде өмір сүріп жүрген Германияда Ислам дінінің Германияға жат емес екенін айтқан Альмайер, Меркелдің сөзін сөйлеп, "Мен де сондай пікірдемін" ,- деді. Ал, Дрейер Зеехоферді Исламды Ислам террорлық ұйымымен шатастырып жүр және осындай қисынсыз пікірлерімен "атын шығарып, бедел жинағысы келеді" , - деп айыптады.