Түркіменстан президенті Құрбанғұлы Бердімұхамедовтың ұлы Сердар Бердімұхамедов Мәжіліс депутаты болып сайланды.
Жергілікті БАҚ өкілдерінің мәліметінше, Сердар Бердімұхамедов парламент сайлауына №25 «Душак» аймақ бойынша қатысқан. Оның қарсыласы №10 мектеп директорының орынбасары Огулжерен Гурдова болған. Сайлау қорытындысы бойынша, Сердар Бердімұхамедов сайлаушылардың 91,42 пайыз дауысын алып жеңіске жеткен. Ал оның қарсыласы Гурдова не бәрі 8,58 пайыз дауыс жинаған.
Сердар Бердімұхамедов 1981 жылы дүниеге келген. С.А. Ниязов атындағы Түркіменстан ауыл шаруашылығы университетін, Ресей ІІМ Дипломатиялық академиясын, Женева қаласындағы Саяси қауіпсіздік орталығында білім алған. Қазіргі таңда ол Түркіменстан парламентінің Заңнама және оның нормалары комитетін басқарады.
Соңғы жылдары Құрбанғұлы Бердімұхамедов ұлы Сердарды көпшілік алдына жиі ертіп шығатын болған. Жақында Астана қаласында өткен Орталық Азия елдері басшыларының саммитінде Сердар Бердімұхамедов Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен. Сарапшылар пікірінше, Құрбанғұлы Бердімұхамедов ұлын өзінің орнына қойып кетуге қазірден бастап дайындалуда.