29 наурыз күні «Атамекен» алаңында бейне байланыс арқылы Ұлттық палата ұсынған «Тұтынушылардың құқығын қорғау саласын дамыту арқылы қоғамдық бақылауды күшейту» бастамасына қатысты дөңгелек үстел өтті.
Шараға Қазақстанның ірі сауда–ойын-сауық орталықтарының өкілдері, кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар, қоғам қайраткерлері, журналистер, сонымен қатар ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті қатысты.
Төтенше жағдайлар жөніндегі орган өкілі балаларға қауіпсіздік шараларын жаппай үйрету бойынша мәселені бұрыннан бері көтеріп келгендерін айтты. Алайда бұл бастаманы ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдамай отыр. Бүгінде мектеп бағдарламасында бастауыш әскери дайындық сабағы ғана өткізіледі.
Жиын соңында сарапшыларға сұрақтар қойылды. Жалпы ірі мегополистердегі қауіпсіздік стандарттары біршама жақсы болса, өңірдегі көрініс мүлде басқа, көңіл көншітпейді. Сонымен қатар нормативтерде де кереғарлық бары айтылды. Мәселен өрт қауіпсіздігі бойынша апатты шығу жолдары үнемі ашық болуы керек делінсе, терроризмге қарсы нормативтердегі шартпен нысандағы қосымша шығу есіктері құлыптаулы болуы керек.
Жиынды қорытындылай келе ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрағасы Райымбек Баталов жоғарыда көтерілген мәселелерді шешіп, ұсыныстарды қарастыру мақсатында Ұлттық палата жанынан қоғамдық кеңес құруды ұсынды.