64 адамның өмірін қиған Ресейдің Кемерова қаласындағы «Зимняя вишня» сауда оралығында болған өрт қоғамда қызу талқыланды. Осыған байланысты бүгін біз соңғы жылдары ТМД аумағында болған осыған ұқсас оқиғаларға қысқаша тоқталуды жөн көрдік.

2009 жылдың 5 желтоқсаны Ресейдің Пермь қаласында «Хромая лошадь» түнгі клубы өртке оранды. Салдарынан 156 адам көз жұмып, ондаған адам түрлі дене жарақаттарын алды. Өрт пиротехникалық құралдарды дұрыс пайдаланбаудан болды.

2010 жылдың мамыр айының 24-і күні Алматы қаласында «Ресей» супермаркеті өртенді. Достық даңғылы бойындағы тұрғын үйдің төменгі қабатында орналасқан әмбебап дүкеннің өртенуі салдарынан 300 адам эвакуацияланып, 2500 шаршы метр аумақ күл-қоқысқа айналды.

2012 жылдың 3 тамызында Қырғызстанның Бішкек қаласында "Орто-Сай" базары өртке оранды. Өрт базар аумағында орналасқан «Еуро мебель» дүкенінен басталып, 600 шаршы метр павильон шатыры толықтай жанып кетті.

2013 жылдың 13 қыркүйегінде Алматы қаласындағы «Олжа», «Аян» және «Керемет-1» базарлары өртенді. Тілсіз жау базар аумағының 5400 шаршы метр аумағын шарпып, өртті сөндіруге 1518 адам, 115 техника және 2 тікұшақ тартылды. Кейіннен өрттің шығуына «Олжа» базарының директоры Мұсағали Алдабергенов кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

2015 жылдың 26 сәуірінде Алматы қаласында «Адем» сауда орталығы өртке оранды. Оқиға болған сәтте өрт сөндірушілер қызметіне бірден кірісіп кете алмады. Себебі ғимараттағы автоматты өртке қарсы құралдыры істемейтін болып шықты. Ал ғимарат сыртындағы өрт жағдайында пайдаланылатын құрылғыда су болмады. Салдарынан 25 мың шаршы метр аймақтың күлі көкке ұшті.

2015 жылдың 11 наурызында Татарстанның Қазан қаласында «Адмирал» сауда орталығы өртенді. Салдарынан 19 адам көз жұмып, ондаған адам түрлі дене жарақаттарын алды. Тексеру барысында ғимараттың сауда орталығына арналып салынбағандығы және орталық қызметкерлерінің қарапайым өрт қауіпсіздігін сақтамағандығы анықталып, 12 адам сотқа тартылды. Алғашқы сот отырысы 2017 жылдың наурыз айында болды. Сот әлі күнге дейін жалғасуда.

2018 жылдың 30 қаңтарында Бішкек қаласының «Ош» базары өртке оранды. Салдарынан 3500 шаршы шақырым аумақ күл-қоқысқа айналды. Ресми мәліметтер бойынша зартап шеккендер мен жарақат алғандар жоқ.

“The Qazaq Times”