Осыдан тура екі жыл бұрын Еуродақ пен Түркия арасында күшіне енген келісімшарт бойынша Анкара Еуропаға бас сауғалаушы босқындарға тосқауыл жасау үшін бар күшін жұмсауы керек болатын. Бүгінде Брюссель аталған келісімнің сәтті жүзеге асырылғандығына еуропалық қоғамның көзін жеткізгісі келгенмен, халықаралық сарапшылардың пікірінше аталған мәселе бойынша көзделген мақсат өз мәресіне жетпеген.
Келісімшартқа сәйкес, Сүриядан ЕО территориясына заңсыз түрде табаны тиген әрбір мигрант үшін Еуроодақ Түркия тарапынан сүриялық бір босқынды заңды түрде қабылдауға міндетті. Алайда, Еурокомиссияның мәліметіне зер салсақ, "1:1 заңының" сақталмағанына көз жеткізуге болады. Еурокомиссия берген статистика бойынша, егер екі жыл ішінде ЕО Түркия шекарасынан 12, 5 мың мигрант қабылдап алған болса, шамамен 2,1 мың мигрантты кері қайтарған. Яғни, көріп отырғанымыздай, арасалмақ алты есеге аз.
Үстіміздегі жылдың ақпан айында Италия мен Ватикан елдеріне жасаған сапарында Түркия президенті Р.Т.Ердоған ЕО-тың Анкараға көші-қон дағдарысын реттеу үшін қажетті 6 млрд еуро төлеу туралы уәдесін орындамағанын айтып, шағымданған болатын. "ЕО босқындарды асырауға қажетті 6 млрд еуро төлеуге уәде берген болатын. Алайда, бүгінге дейін біз тек 900 млн еуро ғана алдық" , - деген Ердоған, аталған қаржының мемлекеттік қазынаға емес, халықаралық ұйымдар арқылы Түрік Қызыл жарты ай қоғамына аударылғанына баса назар аудартты. Егер ЕО Анкараның босқындарды өз территориясында бұдан былай да ұстап тұрғанын қаласа, онда Брюссель Түркия тарапына аталған қаржыны түгел аударып қана қоймай, кезінде өз міндетіне алға жауапкершілікті орындауға мәжбүр.
Бұл жердегі негізгі әңгіменің төркіні Еуроодақты басы артық босқындардан қорғаушы рөлін атқарушы Таяу Шығыс елдерінен, соның ішінде ең алдымен Сүриядан ағылған босқындар үшін қажетті лагерді қаржыландыруда болып тұр. Бүгінге дейін бір-біріне айып тағып келген қос тараптың (ЕО және Түркия) талабымен аталған келісімшарт бірнеше мәрте қайта қаралған болатын. Бюрссель Түркияға босқындарды қажетті деңгейде ұстап тұра алмады деген кінә артса, ал Анкара ЕО-тың қаржыландыру туралы уәдесінің сұйылып кеткендігіне наразы. Осы тұста айта кететін тағы бір жайт, Түркия территориясындағы босқындар саны жағынан әлем бойынша бірінші орында тұр. Түркияның Ішкі істер министрлігі, босқындар мәселесі жөніндегі басқарманың мәліметінше, елде 3,3 млн.нан астам сириялық азамат тіркелген. Олардың 230 мыңы 10 әкімшілік аймақтағы 21 лагерде тұрып жатса, қалғаны 81 шеткері аймаққа бас сауғалаған.
Сарапшылардың пікірінше, Сүрияның солтүстік-шығысында әрекет етуші "Зәйтүн бұтағы" операциясы көптеген жаңа босқындардың пайда болуына жол ашып отырған сыңайлы. Сүриядағы адам құқықтары жөніндегі ғылыми мекеменің мәліметіне қарағанда, өткен аптаның өзінде 150 мың африндік тұрғын өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Ал олардың басым көпшілігі Сүрия-Түркия шекарасына бағыт алған.
ЕО елдері мен Түркия арасындағы қарым-қатынас әсіресе 2016 жылдың 15 шілдесіндегі төңкеріс әрекетінен кейін ушыға түскені белгілі. Анкара Фетуллаһ Гүленнің жетекшілігіндегі "ФЕТО" ұйымына қарсы әрекетіне жеткілікті деңгейде қолдау көрсетпегенін айтып бағуда. Оның себебі ретінде, ұйымның көптеген мүшелерінің Еуропаға бас сауғалап жатқандықтарын алға тартуда. Бұдан бөлек, Күрд Жұмысшы Партиясы белсенділерінің ЕО елдеріне ат басын жиі бұруларының кесірінен де Анкара еуропалық одақтастарына деген сенімін жоғалтқан сияқты. Түркия үкіметінің уәжіне құлақ түрсек, егер Күрд Жұмысшы Партиясы Түркияда террорлық ұйым деп танылса, онда неліктен оның мүшелері мен жақтастары Еуропа қалаларында жиындар өткізу мүмкіндігіне ие болып, рейкрунтингтік қызметтермен айналысып, қаржылық қолдаулар табуда? Міне, Анкараның қытығына тиіп тұрған мәселенің тағы бірі осы болса керек.
Өзіне бағытталған осындай сыни пікірлерді саябырсыту мақсатында болса керек, өткен аптада Еурокомиссия ЕО-ның Түркиядағы босқындар үшін 3 млрд еуро көлемінде транш жұмылдыруға дайын екенін хабарлаған болатын. Ал Түркия мен ЕО арасындағы келісімнің негізгі шарттарының бірі ретінде қарастырылған Шенген аймағына шығушы түрік азаматтарына визасыз режим мәселесінің біржақты етілуіне әлі көп уақыт бар секілді.
ЕО-тың көші-қон мәселесі жөніндегі комиссары Димитрис Аврамопулостың мәлімдеуінше, Брюссель мен Анкара бірінші кезекте қауіпсіздікке қатысты екіжақты мәмілеге келгендері жөн. "Түркия Еуропалық Кеңес пен ЕО стандарттарына жақын болу үшін өз заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізуі тиіс. Түркия өзінің терроризм туралы түсінігін Еуропалық Кеңес пен ЕО стандарттарына сәйкестендіруі керек" , -дейді.