Мәскеу билігі 18 наурызда өтетін президенттік сайлауға дайындалуда. Бұл сайлауда да Ресей Федерациясын 18 жыл билеген Владимир Путин жеңіске жететінін былайғы жұрт біліп отыр. Осы тұста Путиннің саяси карьерасына шолу жасаған BBC тілшілері, ол билік құрған кезде қайғылы оқиғалар көп туылғанын, бірақ Путиннің көзіне жас алғаны тым сирек болғанын сөз етуде. Ол 2000 жылы 24 ақпанда Анатолий Собчактың жерлеу рәсімінде жылаған екен.
Собчак болса, Горбачев пен Ельцин секілді Кеңес одағының ыдырауына есе қосқан саясаткер және қатардағы КГБ қызметкеріне саяси қызмет берген адам ретінде белгілі. Собчактың Путинге саяси билік беруінің себебі күңгірт күйінде қалды. Дегенмен көпшілік сарапшылар бүгінгі Ресейді билеушілердің Кеңес одағы тұсындағы ГКБ офицерлері екенін айтады. Әрі олардың ықпалы жүріп тұрған уақытта бұл елдің демократиясы туралы ауыз ашуға болмайды деген қауесет де бар.
Кезекті сайлауға 8 үміткер қатысуда. Үміткерлердің бірі сөзінде: «Біздің сайлау казино ойынына ұқсайды, қашан болса да казино ұтады. Бізде әрдайым Путин жеңіске жетеді» деген. Ең қызығы осы сегіз үміткердің бірі Ксения Собчак – Путиннің ұстазы және саяси серігі Анатолий Собчактың қызы. Ол бұрын телебағдарламалардың жетекшісі болған, кейін оппозициялық журналистке айналған. «Шынайы оппозиция» деп аталған Алексей Навальныйдың жақтастары Собчакты Кремль немесе Путиннің өзі оппозиция етіп дайындады деп қарайды. Алексей Навальныйдың сайлауға қатыстырылмай тасталғаны белгілі.
Ал BBC хабарында: «Шынында да, егер билік рұқсат етпесе Ксения Собчак та сайлауға қатыса алмайды. Ресей демократиясының ерекшелігі осында», – делінген. Дегенмен, Кремль тарабы Ксения Собчакқа сайлауға қатысу құқығын бергені үшін өкінгені анық. Өйткені, Ксения Собчак телеарналарға сұхбат беріп, Путиннің айналасындағы жемқорлыққа батқан лауазымдылардың атын атап, түсін түстеп тұрып айтуда. Тіпті, Ресейдің Қырымды басып алуын заңсыз деп тауып, бұл ойын Ресей жұртына таратуда. Осыдан-ақ, оның президент сайлауына жеңіске жету үшін емес, Ресейдегі жұртшылық көзқарасын өзгерту үшін қатысқанын білуге болады.
Әңгімені арыдан айтқанда, Анатолий Собчак пен Путиннің қарым-қатынасы тым жақын болған. 1990 жылдары Анатолий Собчак Петербордың мэрі болып тұрған кезде, Путинді орынбасары еткен. Ал, Анатолий Собчактың басына күн туып, жемқорлық айыбы тағылған тұста Путин оны құтқарып, елден шығып кетуіне көмектескен екен. Бұл Ресейдің астаң-кестең болып жатқан кезі еді. Сол кездегі Кремльдегі бей-берекеттілігі сонша, тіпті бірнеше реткі маңызды жиналыстарға президент Ельцин мас күйінде кіретін болған.
Дегенмен, Кремльдегі лауазымдылардың мақсаты сұр костюмдегі бір адамды алып келіп, Ельциннен кейінгі жаңа дәуірді бастау еді. Олар осы мақсатта Владимир Путинді дайындай бастаған. Путин бірінші рет президенттік сайлауға дайындалып жатқанда, Анатолий Собчак Калининградта 62 жасында көз жұмған. Тексеру қорытындысында Собчак жүрегі ұстап қаза тапқан делінген. Бірақ оның инфаркт болғаны туралы ешқандай мәлімет болмаған. Собчактың жұбайы Людмила Нарусова сол кезде «күйеуімді қастандықпен өлтірді» деген пікірде болған. BBC журналисі жақында онымен жолығып күйеуінің өлімі туралы сұрағанда ол көп ойланып барып: «Білмеймін», – деп жауап берген екен. Собчактың өліміне Путиннің де қатысы бар деген пікірлер шыққан, бірақ, бұл сөздерді Людмила Нарусова жоққа шығарды.
Анатолий Собчакты ақтық сапарға шығару кезінде түсірілген видеолардан Путиннің қайғылы бейнесі байқалады. Оның өзінің эмоциясын тежей алмай, Людмила Нарусованы құшақтап жылап тұрғаны бар. Ал жайшылықта, көпшілік пікір Путиннің актерлік шеберлігінің жоқ екенін, жұрт алдында эмоцияға берілмейтінін айтады.
Людмила Нарусова бір сөзінде: «Путин билікке алып келген адамдар бар», – деген. Шынымен де Путин билікке келгенде Кремльге бірқатар топты ала кірген. Қазір де жағдай солай деуге болады. КГБ Собчактың ықпалынан қорқып, оның көзін жойды ма деген күмән бар. BBC журналисі Людмила Нарусовадан күйеуінің өлімі туралы диалог жасаған. Журналист:
– Собчактың өлімі туралы тергеу материалдарын неге көпшілікке жарияламай жүрсіз? – деп сұраған. Нарусова ханым бұған:
– Бұл туралы сөз еткім келген жоқ, – деп жауап қайтарады. Журналист сөзді жалғай түскісі келіп:
– Бірақ, менің білуімше, сіздің қолыңызда қандай да бір компромат бар секілді, – деген.
– Иә, солай деуге болады, – дейді Нарусова ханым.
– Әлде қорқасыз ба? Өзіңіз және қызыңыздан алаңдайсыз ба?
Ол көп ойланып барып:
– Білесіз бе? Бұл мемлекетте өмір сүру өте қорқынышты. Айрықша оппозициялық ойда болсаңыз..... Иә, мен қорқам, – деген Нарусова ханым.