Ресей қалаларында наурыз айында өтетін президент сайлауына қарсы наразылық шаралары өтуде. Шараны ұйымдастырушы ретінде әлемдік басылымдар оппозиция өкілі Алексей Навальный деп көрсетуде. Ел орталығы Мәскеуден тыс бірнеше қалада өткен шеруде «18 наурызға жоспарланған президент сайлауын тоқтату керек» деген талап қойылған.
Биыл наурыз айында Ресейде болатын президент сайлауы туралы хабарланған кезден-ақ, ресейліктер де, көптеген шетелдіктер де сайлау нәтижесінің қалай болатынын анық білді. Тіпті, БАҚ өкілдері кезекті сайлауда дауыс берушілердің 80 пайызы Владимир Путинді қолдап беретінін де жазды. Алайда, Ресейді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Путин, оппозиция өкілдерінен неге сонша қорқады? Оның Алексей Навальныйды президент үміткерлігінен шеттетуінің сыры неде?
Үкіметтің қысымына қарамастан Алексей Навальный наразылық шарасын белсене ұйымдастыруда. Шараға қатысушылар «Жалған сайлау тоқтатылсын» деп ұрандап, президент сайлаудың нәтижесін анық білетіндерін айтуда. VOA-China порталының хабарына қарағанда, Навальный өзінің президент сайлауына ұсынылған кандидатурасының алынып тасталғаны үшін наразылық акциясын ұйымдастырып отыр. Ереуілшілер арасына келісіммен полицейлер жағынан қолға алынған, алайда артынша босатылған.
Ал, батыстағы танымал «The Times» басылымының айтуынша, Ресей президенті Владимир Путин оппозициялық күштерді қудалауды жалғастыра берсе елдегі қолдауынан айырылып қалуы мүмкін. Сайлауда бір ғана жеңімпаздың бар екенін, ол Владимир Путин екеніне Навальный де күмәнданбайды. Ол бұл «жалған сайлаудың» Ресей болашағына салынған тұсау екенін айтуда. Бірақ, Путинді алаңдатып отырғаны Мәскеудегі Қоғамдық зерттеу институтының зерттеу қорытындысы болса керек. Онда Ресей ішінде жүргізілген сауалнамалар нәтижесінде көптеген ресейліктердің басым көбі мемлекеттік жүйедегі жаңалықты қалайтыны анықталған.
Өзін «бейбітшілік қорғаушысы» етіп көрсетуге тырысқан Путин Сүриядан орыс әскерлерін шығарды және Украинадағы жағдайда бірқатар оңды қадамдар жасап жол бергендей болды. Ондағы мақсаты Батыс елдерінің санкцияларын жеңілдету екені анық. Дегенмен, санкция соққысынан қажыған ресейлік қоғамның билікті өзгертуге деген ынтасы да жоқ емес. Бұл көрініс Путин үшін жағымды емес. Сондықтан да оппозиция өкілдерін президент үміткерлері арасына жолатпай, өзінің тұғырын сақтап қалуға тырысады. Президенттікке үміткерлігі алынып тасталған Алексей Навальный Путин режимін әлекке салып тұр. Ол елдегі жемқорлық туралы мәліметтерді алға тартып, сайлаудың тоқтатылуын талап етуде. Бұл да болса Ресейдің саяси жағдайының шиеленісін айғақтайды.