Бүгін Алматы Универсиадасы салтанатпен ашылады

Бүгін еліміз спорт тарихында тағы бір жарқын сәттің шымылдығы түріледі. Яғни, Алматы қаласындағы «Алматы Арена» спорт сарайында XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың ашылу салтанаты болады. Айта кетейік, «Алматы Арена» мұз сарайы қысқы универсиада үшін арнайы салынған.

Ауқымды спорт мерекесінің ашылу рәсімін «Қазақстан», «Kazsport» және «Хабар» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Трансляция Астана уақытымен 18:55-те басталады. Елімізде тұңғыш өтіп отырған Универсиада бәсекесіне Қазақстанның 175 спортшысы қатысып, 12 спорт түрінен ел намысын қорғайды. Шараның ашылу салтанатына тек қазақстандық өнер жұлдыздары қатысады. Сонымен қоса, ашылу салтанатын ұйымдастырудың барлық дайындықтарына отандық компаниялар қатысқан.

Бүгін Универсиада алауы Алматыға қайта оралды. Алау 25 қаңтар күні тұтатылып, облыстарды аралап кеткен. 22 мың 300 шақырым жол басып, арайлы қала Алматыға жеткен алауды шаһар әкімі Бауыржан Байбек бастап алып жүрді. Эстафеданы ары қарай елге танымал спортшылар, әдебиет өкілдері, өнер жұлдыздары бар жиыны 100 адам алып жүгіреді. Эстафеда түскі сағат 14:00 де тоқтайды.

Кешке «Алматы арена» мұз сарайында Қазақстанның 16 қаласынан келген өкіклдер Универсиаданың басты алауын жағады. Еске сала кетсек, бүгін тек хоккейшілер өнер көрсетеді. Түске қарай (12:30) АҚШ және Ресей әйелдер құрамалары тартысты бәсеке жасауға дайындалып отыр. Ал, қалған негізгі жарыстар ертең басталады.

Біз отандастарымызға сәттілік тілей отырып, мына мәліметті айта кетейік. prosports.kz сайтының дерегінше, соңғы жылдары Бүкіләлемдік Универсиада ойындарында қазақ студенттері тамаша табыстарға қол жеткізіпті. 2015 жылы Словакия мен Испанияда өткен қысқы ойындарда біздің құраманың 5 алтын 6 күміс медальмен командалық сында үздік үштіктен көрінген. Қазақстан Білім және ғылым министрлігі болашақта да студенттер спортын дамыту мақсатында көптеген іс-шараларды жүзеге асыруда. Республикалық Универсиадада үздік шыққандар келер жылғы Бүкіләлемдік Универсиадаға қатысуға мүмкіндік алады. Олай болса, жеңісті жолдар жалғаса берсін.

Дүбірлі дода басталды.

“The Qazaq Times”

Ұқсас жазбалар